Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына 16,4 млрд доллар жұмсалады
Мемлекетіміз әу бастан көпбағытты саясат ұстанады. Ресей, Қытай, Батыс әлемі – АҚШ пен Еуроодақ, Түркі әлемі, Араб әлемі...
Қазір теңгерімді саясат ұстаудың маңызы тіпті арта түскенін бәріміз көріп отырмыз. Екінші фактор – география. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Үшіншіден, Қазақстан арқылы өтетін көлік дәліздері мен транзиттік бағыттар Ресей үшін де, Орталық Азия үшін де стратегиялық мәнге ие бола бастады. Бұған экономикалық байланыстарды да қосыңыз.
Осы факторларды, сондай-ақ әлем жұртын тітіркендіріп, шошытқан «өртті», қазіргі саяси жағдайды және кейбір елдердің болмысын ескерсек, әңгімені үнемі айтылатын: «Біздің жауымыз да, досымыз да жоқ, біздің ұлттық мүддеміз ғана бар» деген цитатамен бастаған жөн.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Владимир Путиннің Қазақстанға өзінен бұрын мақаласы бірінші жетті. «Егемен» мен «Казправда да» «Ресей – Қазақстан: Еуразия төріндегі одақ» атты ой-толғауы жарияланды. Әрине, бұл әдеттегі практика. Үлкен сапарлар алдында осындай мақалалар жарияланып тұрады.Мақалада Путин қуатты Қазақстанға деген құрметі айрықша екенін атап өтті. Сонымен, Құрбан айт мерекесінде, сәрсенбінің кешінде Ресей Президентінің борты Астана әуежайына келіп қонды. Бұл оның біздің елге 36-сапары.Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін траптан өзі қарсы алды. Құрмет-қошемет көрсетіліп, сарбаздар сап түзеп, балалар домбырамен «Адай» күйін орындады. Ал негізгі іс-шаралар ертесіне Тәуелсіздік сарайында өтті.Әуеге әскери тікұшақтар көтеріліп, президенттер Астана аспанындағы үш жолақты тудың бейнесіне куә болды. Бұған дейін мұндай құрмет Түркия мен Қытай басшыларына да көрсетілгенін еске салайын.Айтпақшы, бұл жолы Астанада қауіпсіздік шараларына ерекше мән берілді. Әуеде де, жерде де, суда да қатаң бақылау болды. Әлеуметтік желіде мейманның кортежі қызу талқыланып жатты. 14 мотоцикл мен 20-дан аса көліктен тұратын колоннаны тікұшақтар мен брондалған көліктер қорғап жүрді.Иә, Кремль қауіпсіздікке қатты мән беретін секілді. Бесінші жылға кетті, жеке қауіпсіздік мәселесі маңызды, әрине.Владимир Путин бұл жолы қалыптасқан ережені «бұзғанын» да айта кетейін. Бұл оның Қазақстанға екі жыл ішіндегі екінші мемлекеттік сапары. Әдетте мемлекет басшыларының халықаралық байланыстардағы ең жоғары мәртебеге ие сапары өкілеттік мерзімі кезінде бір рет қана болады.Дегенмен Кремль қожайынының соңғы жылдары шетелдік сапарларының саны да азайғанын айта кеткен жөн болар. Былтыр шетелдерге небәрі 7 рет барса, биылғы іс-сапарлар географиясы тарылып, алғашқы жарты жылда Қытай мен Қазақстанға ғана ат басын бұрған.Ресей Президенті үлкен делегацияны ерте келді. Министрлер мен түрлі компания басшылары бастаған жалпы саны 30-дан аса лауазымды тұлға бар. Әңгімелесу барысында қос тарап та өзара құрмет, достық, стратегиялық серіктестік секілді сөздерді аямады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің мемлекеттеріміз алып Еуразия кеңістігінің негізін құрайды. Берік әрі біртұтас Еуразия қауіпсіздігін сақтау үшін бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Екі елді тарихи тамырластық, мәдени дәстүрлер, ұқсас менталитет, бастысы, әлемдегі ең ұзын шекара біріктіреді. Сондықтан мәңгі достық, тату көршілік және өзара сенім дегеніміз – жай ғана үгіт-насихат ұраны емес, халықтарымыздың бейбіт тіршілігінің мәні және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы табыстың мызғымас кепілі. Біз Қазақстанда мұны жақсы түсінеміз және Ресеймен жан-жақты ынтымақтастықты басым бағыт ретінде қарастырамыз.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар 15 құжатқа қол қойды. Оның ішінде 7 келісім, 3 меморандум және 4 жол картасы бар. Ең маңызды құжат ретінде президенттердің «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемесін атауға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің елде бұл санның ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Ең бірінші, әрине, Тәуке ханның жеті жарғысы ойға оралады. Құжатқа келсек, ол әлемдегі терең әрі қарқынды өзгерістер, сондай-ақ сенім дағдарысы туралы ауқымды кіріспемен басталады. Ұштасатын тарихты бірлесіп зерделеу, мәдени және тілдік әралуандықты сақтау, білім беру мен спорт салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қозғалған. Ал сапардың ерекше сәті Қазақстанға жыртқыш жануардың әкелінуі. Иә, жолбарыстың аты жолбарыс. Бірнеше жыл бұрын бұл жөнінде пікірі келіспесе де, Путиннің өзі Амур жолбарысын бізге әкеліп берді. Енді Тұранның тұқымын тірілтіп алмасақ та, өз жерімізде аңыздың дауысы қайта арқырайды. 4 жолбарыс «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберілді.Қазақстандағы алғашқы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысына 16,4 млрд доллар жұмсалады. Путиннің сапары барысында жобаны қаржыландыру үшін Қазақстан Үкіметіне мемлекеттік экспорттық несие беру туралы келісімге қол қойылды. Демек, Ресей несие береді. «Росатом» басшысы Алексей Лихачевтің сөзінше, шығынның басым бөлігін Ресей тарапы жапқанымен, белгілі бір бөлігі Қазақстанның мойнында қалады.Қазіргі жоспар бойынша АЭС құрылысының белсенді кезеңі 2027 жылы басталуы керек. Келесі жылдан бастап құрылыс-монтаж базасын дайындау және лицензия алу үшін техникалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары қолға алынбақ. Станцияны 2030-жылдардың ортасында іске қосу жоспарланып отыр. Екі энергоблок кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.Еске салсам, «Росатом» Қазақстандағы АЭС жобасын жүзеге асыратын халықаралық консорциумның жетекшісі болып анықталған. Сонымен қатар жобаға Қытай, Франция және Оңтүстік Корея компаниялары да тартылуы мүмкін.Ал екі елдің экономикалық байланыстарына тоқталсам. Ресей Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Қытайдан кейін екінші орында. Былтыр екі елдің тауар айналымы шамамен 29 миллиард доллар болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар 30 миллиард долларлық межеге жақындап келеді.Сонымен қатар Ресей Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі саналады. Осы жылға дейін теріскейден тартылған инвестиция көлемі 30 млрд долларға жуықтады. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард долларға жетті.Қазақстанда ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Ресейліктердің қатысуымен 70 ірі жоба жүзеге асып жатыр. Иә, әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекарамен шектесіп жатқан елдердің алыс-берісі де үлкен болатыны анық.Қазіргі заманның қаруы бұрынғыдай найза мен айбалта емес. Мәміле мен келісімге негізделген дипломатия. Көршімен тату болғанның ұтылмасы анық. Қалай дегенмен саясатта достық та жоқ, тек мүдде ғана бар. Қанша таптаурын болса да, бұл тәмсіл әрдайым өзекті. Бұл жолы да солай.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы