Жылан жылы қазақстандық спортшылар үшін жемісті болды. Халықаралық жарыстарда ел мақтаныштары талай рет Қазақстан Туын көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Өткен жылдың ең ірі жеңістеріне көз жүгіртсек.
Бірінші кезекте жылан жылы Алаш жұртының есінде боксшыларымыздың әлем чемпионатындағы жарқын жеңістерімен есте қалмақ. 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль.
Біржан Жақыпов, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, Мерей Ақшалов мойындарына алтын медальді тақса, Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко күміспен күптелді.
Ал Қайрат Ералиев пен Берік Әбдірахманов қолаға қол жеткізді. Аталмыш жігіттердің есімдері Қазақстан бокс тарихында алтын әріптермен жазылғаны сөзсіз. Өйткені, бұл бұрын соңды болмаған жетістік.
Данияр Елеусінов, бокстан Әлем чемпионы:
Мен үшін қуанышты сәттер көп болды. Азия біріншілігінің, Әлем біріншілігінің ең үздік боксшысы атандым. Сонымен қатар, өзіміздің командамыз құрлықтық жарыстарда бірінші орыннан көрінді. Әлем чемпионатында да бірінші орынды иелендік.
2013 жылдың қорытындысы бойынша әйелдер күресінде ең үздік нәтижеге қол жеткізген спортшымыз - Екатерина Ларионова. Бұған дейін кадеттер арасында Әлем чемпионы атанған бойжеткен ересектер арасындағы сайыста алғаш рет бағын сынап, үшінші орынды қанжығасына байлады.
63 келі салмақ дәрежесінде айды аспанға шығарған Ларионованың қоласы - әйелдер құрамасы Әлем чемпионатында қол жеткізген жалғыз жүлдесі.
Екатерина Ларионова, Әлем чемпионатының қола жүлдегері:
Маған сенім білдірген ел-жұртыма үлкен ризашылығымды білдіремін.Одан кейін өзімнің жеке бапкерім - әкеме рахмет, осы күнге жеткізген. Мен өзіме жүктелген міндетті орындап шықтым. Қуанышымда шек жоқ.
2013 жылы қазақстандықтарды қуантқан спортшылардың бірі - Денис Кузин. Конькимен жүгіру спортының шебері Сочиде 1000 метр қашықтықты 1.09 да 14 секундта бағындырып Әлем чемпионы атанды.
Бұл - ел құрамасының әлем біріншілігінде коньки жарысынан алған алғашқы алтын медалі. Осыған дейін, тек 1996 жылғы әлем біріншілігінде Людмила Прокашева 3000 метр қашықтықта қола медальді олжалаған болатын.
Алдағы Сочиде өтетін Ақ олимпиадада 25 жастағы қостанайлық спортшыға жаттықтырушылар зор сенім артып отыр. Осылайша, 2013 жыл қазақ спортшылары үшін табысты болды. 2014 жылы қыз-жігіттеріміз одан да биік белестерді бағындырады деп сенеміз.
Индира БЕКТЕНОВА
Рустам БАЙДӘУЛЕТОВ