Басты Жаңалықтар Президент кітабы ел ішінде талқыланып жатыр

Президент кітабы ел ішінде талқыланып жатыр

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл еңбегінде елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік дамуына қатысты ой-тұжырымдары жинақталған. Президенттің әр жылдары айтқан сөздерінде қоғамның өзекті мәселелері мен ел болашағына қатысты пайымдар бар. Шымкентте осы еңбектің мазмұны дөңгелек үстелде талқыланды.

Президенттің әр жылдары айтқан сөздері – елдегі өзгерістердің өзіндік шежіресі. Уақыт өткен сайын қоғамның сұранысы да, оған қойылатын талап та жаңара түседі. Кітаптағы ой-тұжырымдар осы өзгерістермен сабақтасып, ел дамуының маңызды мәселелерін қамтиды.

Мұхтар Төлеген, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ ректоры:

Әрбір кураторлық сағаттар, эдвайзерлермен кездесуде, әр топтармен кездесу кезінде әділетті қоғамға шыншыл сөз атты кітап кеңінен талқыланып жатыр. Енді осы жерде президентіміз айтып отыр, білім мен тәрбие егіз ұғым. Олар бір-бірінен ажыраса береке де үйлесімділік те болмайды деп.

Кітаптағы пайымдар қоғамның бүгінгі ахуалын саралап қана қоймай, оның келешегін де бағамдайды. Өйткені елдің ертеңі қабылданған шешімдермен ғана емес, әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігімен де айқындалады. Ал жас буынның бүгінгі көзқарасы мен таңдауы уақыт өте келе елдік құндылыққа айналатын негіз.

Мерей Асқар, қалалық жастарды қолдау кеңесі төрағасының орынбасары:

Жастардың қоғамда тұлға болып қалыптасу үшін осы заң мен тәртіп те, адал еңбек те, білім ғылымға өзіндік бір жолын салу, осының барлығы тек жастарға емес жалпы азаматтарға тұлға болып қалыптасуға септігін тигізуші бағыттардың бірі. Қоғамға пайдалы болуға, яғни осы жолда азаматтық міндетіңді қалыптастыруға негізделген деп айтып кетсем де болады.

Жиырма бір тақырыпқа топтастырылған еңбек ел өмірінің сан қырын қамтиды. Әр бөлімде қоғамның өзекті мәселелері қозғалып, ел дамуының түрлі бағыттары кеңінен сараланады. Кітаптағы осы тұжырымдар дөңгелек үстелде пікір алмасуға арқау болып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды.

Бөлісу