ДСМ фастфуд пен энергетикалық сусын жарнамасына шектеу қоюды ұсынды
Енді энергетикалық және тәтті сусындар мен фастфуд өнімдерін жарнамалауға тыйым салынуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қант, тұз, майы көп тағамдардың маркетингіне шектеу енгізуді ұсынып отыр. Мамандар мұндай асты жиі тұтыну бала денсаулығына кері әсер ететінін ескертеді. Бүлдіршіндерді ерте жастан дұрыс тамақтануға қалай үйретеміз? Айдана Қуантханның материалы.
Қала көшелерінде, қоғамдық орындар мен әлеуметтік желілерде тәтті сусындар, фастфуд пен түрлі жеңіл тағамдардың жарнамасынан көз сүрінеді. Ата-аналардың айтуынша, мұндай маркетинг балалардың қызығушылығын оятады.
Ал астаналық Динара Тоғызбаева үйде пайдалы ас әзірлеп, дұрыс тамақтануды әдетке айналдырған. Жас келіншек күнделікті ас мәзірін түрлендіріп, пайдалы дәмді балаға қызықты етіп ұсынады.
Динара Тоғызбаева, қала тұрғыны:
Мына жерде мен құймақ дайындап жатырмын. Түрі де әдемі, әрі дәмді болады. Тіпті торттың өзін біз қантсыз, қандай да бір кептірілген жемістерден паста қосамын. Біз ата-ана ретінде жауапкершілікті алып, құнарлы тамақтанып жатқандықтан, бізбен бірге тұратын басқа тамақты жемеймін деп жанжал шығармайды.
Нутрицолог маманның айтуынша, жылдам дайындалатын тағамның зияны бірден байқалмауы мүмкін. Бірақ мұндай өнімдер күнделікті ас мәзірінде пайдаланылса, ағзаға түсетін салмақ еселенеді.
Майгүл Қайнарбаева, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ нутрицология кафедрасының меңгерушісі:
Ең бірінші балаларға фастфуд өнімдері ас қорыту жолдарына гастрит, асқазанның ойық жарасы сияқты ауруларға жиі әкеледі. Бауыр және өт жолдарының бұзылуына алып келеді. Фастфуд өнімдерінің құрамында зиянды майлар, қанттар, тұздар өте көп мөлшерде болады. Сондықтан жүрек ауруларына алып келуі мүмкін.
Енді балаларға арналған фастфуд жарнамасы қоғамдық денсаулық мәселесі ретінде қаралмақ.
Гаухар Бисарина, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы:
Балалар арасында семіздік көбейіп жатыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 6-9 жас балалардың 23 пайызында кездесіп отыр. 6 пайызы семіздікке алып келген. Жарнамалауды шектеу арқылы семіздіктің балалар арасындағы пайызын төмендетеміз деп үміттенеміз.
ДСМ шектеулердің нақты тәртібін әзірлеп жатыр. Десе де жарнамаға шектеумен қатар баланың зиянды асты көп ішіп-жемеуін ата-ана да қадағаласа дейді Динара Тоғызбаева. Осылайша бүлдіршінді дұрыс тамақтануға үйрету отбасының күнделікті дағдысына айналуы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы