Басты Жаңалықтар Соңғы 4 айда балаларға қатысты 2 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді

Соңғы 4 айда балаларға қатысты 2 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді

Бүгін елордада велосипед мінген тағы бір жасөспірімді автокөлік қағып кетті. Қайта бала аман, ол бірден ауруханаға жеткізілді. Ал жақында тағы да Астанада велосипед мінген баланың КамАЗ көлігінің астына түсіп, мерт болғаны есте. Қаза тапқан жеткіншектің анасы әлеуметтік желіде ұлының өліміне жүк көлігінің жүргізушісін кінәламайтынын жазып, істі соттың әділ шешіміне тапсырды. Жалпы, жолдағы бала қауіпсіздігіне кім жауапты? Велосипед немесе самокатпен жолдан өту кезінде нені білу қажет? Әріптесім Айжан Иманғали жол қауіпсіздігінің басты ережелерін шолып шықты.

КамАЗ жүргізушісі Амангелді Дәулетқұловтың 30 жылдық тәжірибесі болса да, әрбір жұмыс күні алаңдаумен өтеді. Ауыр жүк көлігімен құрылыс материалдарын таситын ол қала ішінде күнделікті ондаған бағдаршамнан өтеді. Қауіпсіздік ережесін толық сақтағанымен, мұндай биік көліктің кабинасынан жақын маңдағы бала түгілі, ересек адамның өзін байқау мүмкін емес дейді.

Амангелді Дәулетқұлов, жүк көлігінің жүргізушісі:

Көліктің жанына барған кезде, жақындаған кезде адамдар көрінбейді. Осы жерге келсе, мүлдем көрінбейді. Жаяу жүргіншілер оған назар аудармайды. Алдына шыға береді, дәл қасына қыстырылысып тұрып алады. Біз енді қалай да болса көреміз, қараймыз. Соның өзінде алаңдап, бүкіл жүйке тамырымыз құриды. Сондықтан көліктің жанына барған кезде өтіп кеткенін қарау керек. Көлікті өткізіп жіберу керек. Адамдар жүгіріп өткісі келеді. Жүк көлігі ауыр болады, ауыр болғаннан кейін тоқтауы да қиын болады.

Бүгін елордада тағы бір жасөспірім абайсызда көлік астына түсіп қалды. Ауруханаға жеткізілген баланың жағдайы әзірге белгісіз. Мұндай жазатайым оқиғалардың жиілеуін тиісті бақылаудың жоқтығынан және балаларға жол ережесінің дұрыс түсіндірілмеуінен, дейді тұрғындар.

Айжан Иманғали, тілші:

Сонымен, жолдағы қауіпсіздіктің ең басты ережесі қандай? Жол жүрісі қағидаларының 171-бабы, 6-тармағына сәйкес, велосипедтен түспей, жаяу жүргіншілер өткелінен өтуге қатаң тыйым салынады. Бұл ереже самокат жүргізушілеріне де қатысты. Мамандардың айтуынша, бұл қағида велосипедшінің өз қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Өйткені кез келген көліктің шұғыл тоқтауы үшін кем дегенде 8-10 метр қашықтық қажет. Екінші маңызды мәселе - қорғаныс құралдары. Велосипед немесе электрлі самокат тізгіндегендердің басында міндетті түрде арнайы каска, тізесі мен шынтағында қорғаныштары болуы керек. Ал қараңғы уақытта жүргізушілерге көріну үшін сырт киімде жарық шағылыстырғыш элементтердің болуы шарт. Сонымен қатар 14 жасқа толмаған жасөспірімдерге жол жиегімен жүруге рұқсат етілмейді.

Бағланбек Айтпаев, ҚР Ішкі істер министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

Шектеу – жолға шықпауы керек. Жолға 18 жасқа толған ересектер шығады және олардың куәлігі болуы керек. Жылдамдықты асырмау керек, 6 шақырымнан асырмау керек, жақын жерде абай болып жүруі керек. Міндетті түрде полиция жүк көліктерін тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жол ережесін сақтау бойынша, қатаң сақтау туралы түсіндіру жүргізіліп жатыр.

Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, елімізде соңғы 4 айдың ішінде балаларға қатысы бар 2 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 50-ден астам бала көз жұмған.


Бөлісу