Басты Жаңалықтар ЕАЭО ЖИ мен цифрлық технологияларды енгізуді көздейді

ЕАЭО ЖИ мен цифрлық технологияларды енгізуді көздейді

Енді қай өңірде, қандай тауар бар және оған сұраныс қандай екенін кәсіпкерлер тікелей біліп отырады. Оған жасанды интеллект қалай көмектеседі? Еуразиялық одаққа мүше елдер жасанды интеллектінің, цифрландырудың мүмкіндіктерін барынша қолданбақ. Астанадағы V Еуразиялық экономикалық форумда талқыланып жатқан басты мәселе осы. Самал Қабышеваның бейнематериалы.

Әлем онлайн саудаға көшкен сайын ЕАЭО-қа мүше елдер де цифрлық платформалар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін мүмкіндігінше кеңінен қолданбақ. Сауда, кеден, логистика түбегейлі цифрлық жүйеге көшпек.

Әсет Өтеғалиев, ҚР Сауда және интеграция министрлігі департамент директорының орынбасары:

Қай өңірде, қай тауар, қай кезде, қай уақытта сатылғаны туралы ақпараттың барлығын көреміз. Соған жасанды интеллект қосу арқылы біздер кәсіпкерге не істеу керек? Сатуын көбейту үшін не істеу керек? Соның барлығын шығарып береді. Сол жағынан кәсіпкерлерге пайдасы болады. Біз ЖИ-ді өз жұмысымызда алдағы уақытта қолданамыз.

Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллект – енді жай бағыт емес, ел дамуының негізгі тірегі. Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы болып жарияланды. Елде сегіз стратегиялық бағыт бойынша 100-ден астам іс-шара жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы, Alem.cloud суперкомпьютері және мемлекеттік органдарға арналған ұлттық AI-платформа іске қосылды. Сондай-ақ шамамен 1,5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі инвестицияны қамтитын жасанды интеллектке арналған «деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру мәселесі қарастырылуда. 

Нұрлан Құлбатыров, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары:

Бүгінгі таңның өзінде сауда құжаттарының 80 пайызы цифрландырылған. Кейбір құжаттар әрине қағаз түрінде беріледі. Сол толық цирфландырылған жағдайда кәсіпкерлердің сауда рәсімдеріне жұмсайтын шығындары 80 пайызға дейін қысқарады. Еліміздің экспорты бұл орайда 3-4 млрд-қа дейін өсуі мүмкін.

Мақсат Тұрлыбаев, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы:

Баға статистика саласында да AI шешімдерін енгізіп отырмыз. Біз бұрын 120 мың тауарлар мен қызметтерді мониторинг жасап отырсақ, қазіргі таңда үлкен деректерді қолдана отырып, 36,9 млн деректерді қолдана бастадық.

Еуразиялық экономикалық одақ. Бұл ұйымның біздің елге пайдасы қандай? Қарапайым тілде айтсақ, ұйымға бес ел мүше. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан. Дәл осы Еуразиялық экономикалық одақтың нәтижесінде ұйымға мүше елдер арасында тауар еркін тасымалданады, яғни кедендік тексеру мен кедергілер азайды. Соның нәтижесінде бизнеске жол ашылып, кәсіпкерлер тауарды тез әрі арзан тасымалдай бастады. Бұл өз кезегінде сауда көлемінің өсуіне және нарықтың кеңеюіне әсер етті. Енді Одаққа бақылаушы елдермен де ынтымақтастық артуда.

Бүгінгі форумның маңыздылығына ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Сухэль Хан да тоқталды.

Сухэль Хан, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары:

Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүгінде 27 мемлекетті біріктіретін үлкен құрылымға айналды. Ұйым Еуразия аймағын ғана емес, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Қиыр Шығыс өңірлерін де қамтиды. Бүгінгі талқылауда негізгі назар көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және трансшекаралық сауда бағыттарына ауды. Біз елдер арасындағы экономикалық байланысты қалай күшейтуге болатынын, сауда айналымын арттыру мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын қарастырдық.

Самал Қабышева, тілші:

Осылайша ЕАЭО-қа мүше елдер экономиканы цифрландыру мен жасанды интеллект арқылы дамытпақ. Кедендегі қағаз, шекарадағы кезек, апталап күтетін жүк. Мұның бәрін жою - басты мақсат. Астанадағы V Еуразиялық экономикалық форумда талқыланып жатқан басты мәселе де осы. Болашақ экономикасын адам емес, дерек пен цифрлық жүйе жылдамдатады. Демек, бүгінгі цифрлық жарыстан қалып қою - ертеңгі экономикалық бәсекеде ұтылу деген сөз. Форум ертең де жалғасады.


Бөлісу