65 жастан асқан жүргізушілер медициналық тексерістен қалай өтеді?
Тамыздың соңынан бастап 65 жастан асқан азаматтар және мүгедектігі бар азаматтар көлік жүргізіп жүрген болса, әр екі жыл сайын медициналық тексерістен өтуі тиіс.
Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің бірлескен жүйесіне машина айдауға рұқсат етілген де, «жоқ, болмайды!» деген шешім шыққан да адамдардың тізімі енгізіледі.
«Неге?» деп таң-тамаша қалатын өзгеріс емес, дейді дәрігерлер. 65-тен асқан адамның бойында жол қауіпсіздігіне әсер ететін өзгерістер басталуы мүмкін. Көру, есту қабілеті төмендеуі мүмкін. Қимыл-әрекет бәсеңдеуі мүмкін. Когнитивті функциялар – зейін, есте сақтау қабілеті, жолдағы жағдайды тез бағалау шабандауы мүмкін.
Сонымен бірге адам қант диабеті, неврологиялық аурулармен сырқаттанатын болса, солар өршуі мүмкін. Әдейі «мүмкін» деп сөз қайталап тұрмыз. Себебі әркімнің организмі әр түрлі. Оның үстіне 65-тен кейін де тың, ширақ, денсаулығы темірдей адам аз емес.
Тұрғали атай – 73 жаста. Қайбір жылы көзіне ота жасатқан. Сондықтан шұғыл шаруа болмаса, көлікпен көшеге көп шыға бермейді. Әйтпесе, жарты ғасырдан бері көлік тізгіндеп жүр. Тәжірибе жетеді. Бірақ...
Тұрғали Байғалиев, зейнеткер:
Үлкен кісілер енді денсаулығы нашарлайды. Көз нашар көре бастайды.
Ал қайнаған қалада қалыпты қозғалысты ұстап отыру оңай емес. Оның үстіне, көлікпен қысып кететіндер де, жолдан жүгіріп өтетіндер де бар.
Мұндайда шұғыл шешім қабылдау қажет. Сол үшін Денсаулық сақтау министрлігі 2015 жылы №853 бұйрықты бекітті. Психикалық ауытқуы, екі көзінің соқырлығы немесе эпилепсия сынды диагноз қойылған адамдарға мәшине айдауға мүлде болмайды. Сондай-ақ,...
Мақпал Құлжаманова, ҚР ДСМ Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының терапевт-профпатологы:
Жүргізуші көру қабілеті 90 пайыздан төмен болатын болса немесе есту қабілеті 10–5 пайыз, есту аппаратын таққан күннің өзінде есту қабілеті өте нашар болады. Мұндай жағдайда анықтаманы бермейміз.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Елде денсаулығына байланысты көлік жүргізуге болмайтын 21 мыңнан аса жүргізуші анықталған. Соның жеті жарым мыңға жуығы көлік жүргізу құқығынан айырылған. Оларға пұрсат қалай берілгені белгісіз... Бұған қоса, шектеулерге байланысты полиция 13 мыңдай істі сотқа жіберген. Ал олар енді рөлге отыра ма, жоқ па, оны сот шешеді...
Тамыздың соңында «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енді. Соның ішінде 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілерге қатысы бөлігі көп талқыланып жатыр. Бірден айтайық, құжатта ешқандай өзгеріс жоқ. Тек, медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінен Ішкі істер министрлігіне автоматты түрде беріледі.
Шыңғыс Әлекешев, ҚР ІІМ-нің ресми өкілі:
65 жасқа толдым. Енді бірден медициналық тексерістен өтуім керек пе деп сұрап жатыр. Жоқ! Егер 65 жасқа енді толсаңыз, 67 жасқа дейін толғанға дейін өтсеңіз болды. Одан кейін берілетін мед.анықтама 2 жылға дейін жарамды.
Ал, 073-ші анықтаманы алу әдеттегідей. Емдеу орнына барып, тиісті тексерістен өтесіз. Бұл – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейді. Сондықтан ақылы қызметтің құнын медициналық ұйым мен әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін.
Мақпал Құлжаманова, ҚР ДСМ Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының терапевт-профпатологы:
Бізде офтальмолог және отоларинголог зерттеулері 4600 теңге. Оған қосымша жүргізуші нарколог пен психиатрдан өту қажет. Наркотест тапсыру қажет. Барлығын қосқанда 9,5–10 мың теңге. Шамамен, бір күн, ары кеткенде 2 күн уақыт алады.
Бірақ бәрі бір күнде біте қоя ма? Сырбойылық Сағатбек 22 жасында көлік апатына түсіп, тағдыр тезіне тап болған. Бірақ, сындарлы шақта сыр бермей, қазір қоғамдық істермен айналасып жүр. Соның бәріне үлгеру үшін көлігін ыңғайына қарай бейімдеген. Оны алаңдатқан мәселе мынау:
Сағатбек Қуанышбайұлы, облыстық Мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Көп мамандардың орнында болуы жеткілікті ме? Мүгедектігі бар жандар уақыт созып жүріп қалмай ма деген мәселелер бар. Барлық медициналық қызметтің қолжетімді болғанын қалаймыз.
Бұған дейін базаларды интеграциялау жұмыстары біраз ведмоствада болды. Техникалық себептерге байланысты мәлімет ақпараттық жүйеде көрінбей қалуы мүмкін. Сондықтан анықтаманың қағаз нұсқасы қобдишада жүргені жөн.
Шыңғыс Әлекешев, ҚР ІІМ-нің ресми өкілі:
Медициналық тексеруден өтпегені үшін айыппұл салына ма? Жоқ! Ресми түрде мәлімдейміз. Медициналық тексеруден өтпегені үшін заңда айыппұл көзделмеген. Жалғыз ғана салдары мед-тексеруден өткенге дейін жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылады. Бірақ бұл жүргізуші куәлігінен айыру деген сөз емес.
Бірақ, көлік жүргізу құқығы тоқтатылған адам рөлге қайта отырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал, жол апаты болса, сақтандыру компаниялары шығынды өтейді. Бұл тұста нені ескеру керек?
Ғабит Өмірбек, заңгер:
Қазіргі таңда сақтандыру компаниялары жүйелі түрде осындай азаматтардан реегресті түрде ақшаны өндіру тәжірибесін доғару керек деп ойлайымын. Ал оның медициналық картасының уақыты өтіп кетті деп ақшаны өндіру заң нормаларына қайшы деп есептеймін. Егер қандайда бір талап арыз түссе, бірден төлеуге кіріспесін.
Заңда көлік жүргізуге болатын ең жоғары жас белгіленбеген. Былтыр Еуропалық Одақтың жүргізуші куәлігі туралы жаңа директивасы бекітілді. Еуропарламент Одақ бойынша жасына байланысты міндетті медициналық тексерулерді енгізу идеясын қабылдамады. Мұны кемсітушілік деп санады. Есесіне, егде жастағы жүргізушілерді қай жастан және қаншалықты жиі медициналық тексеруден өткізуді әр елдің өзіне қалдырды.
Пьер Готье, зейнеткер:
Бельгияда 60 жастан асқандарға көлік жүргізу үшін медициналық тексеруден өту міндетті емес. Ондай ереже жоқ. Дегенмен, науқас азаматтар денсаулығын жиі тексертіп, зейнет жасындағылар көлік жүргізу үшін дәрігердің жіті қадағалауында болады. Мұнда жол көлік ережесі қатал. Біз мейлінше қалада сағатына 30 шақырыммен жүруге тырысамыз. Барлық ережеге бағынамыз.
Еуропалық комиссия егде жастағы жүргізушілердің, өзгелерге қарағанда, өздеріне қауіп көбірек төнетінін айтады. Бұл әсіресе 75 жастан асқан жүргізушілерге қатысты.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Бұл мәселе бізде де өзекті. Өйткені, жыл басталғалы 21 мыңның үстінде жол апаты болған. Қаза тапқандардың көбісі 60 жастан асқан адамдар. Зардап шеккендер де аз емес. Сондықтан жолдағы қауіпсіздік тек жүргізушінің тәжірибесіне гөрі, оның денсаулығына тікелей байланысты. Себебі, көлік тізгінінде көз жұмғандар аз емес.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы