Басты Жаңалықтар Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау туралы заң: Неге мән беру керек?

Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау туралы заң: Неге мән беру керек?

Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында Президент ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау нормаларын басымдық беретін заңдар қатарына қосты. Заң талаптары мыналар:

  1. Ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін әлеуметтік және медициналық көмектің, сондай-ақ инклюзивті білім берудің тиімді жүйесін заң деңгейінде бекіту;

  2. Балалардың оңалту курстарынан өтіп, дамуы үшін әр облыста және ірі аудандарда қолдау орталықтарын ашуды міндеттеді.

Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 237 мыңнан асады. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, 70 мыңға жуығы мектепке дейінгі жастағы балалар. 165 мыңнан астамы мектеп жасындағы балалар.

Біз өзгеше балаларға инклюзивті білім беру мәселесін қозғап көреміз. Сауат ашу бір бөлек, мүмкіндік болса, мамандық игергендері де маңызды. Екі баласында аутизм спектрі бар Динара есімді келіншек айтады: ұлымның тамақ пісіруге икемі бар, ас әзірлегенде қасымнан шықпайды.

Төрехан мен Данияға аутизм диагнозы қойылған. Өткен оқу жылында 9-сыныпты аяқтады. Бірақ жасөспірімдер колледжге оқуға түсе алмады.

Динара Бекібаева, Төрехан мен Данияның анасы:

Менің балам тамақ пісіргенді жақсы көреді. Кухня жағына күшті бейімделген. Жақсы көреді оны. Қасымда жүріп, бірдемені кесіп, мен ойлағам кулинарлық немесе кондитерлік жаққа берем бе деп. Бірақ бізге ВКК айтты. Біз диагнозы бар адамдарға ондай ВКК бере алмаймыз.

Сонда инклюзиялық білім берудің шегі осы ма? Мектептен кейін бұл балалардың өмірі қай арнаға бұрылады? Мамандық игеріп, қоғамнан өз орнын таба ала ма? Бүгін де бұл сұрақ мыңдаған ата-ананың басты уайымына.

Динара Бекібаева, Төрехан мен Данияның анасы:

Енді әр ата-ана баласын бір жерге апарып, олар оқып, білім алған жағдайды қалайды ғой. Біз бала-бала дейміз. Ол бала өседі. Аутизм дәрісі жоқ. Мынаны ішіп, мынаны беріп, жазылып кетеді деген. Мұнымен туды, мұнымен өмір сүреді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Бүгінде инклюзиялық білім берудің сапасы қандай өзі? Бұрынғы қос палаталы парламент қарап үлгермеген негізгі заңның бірі – осы ерекше балаларды жан-жақты қолдауға бағытталған еді. Мұны құрылтайдың алғашқы отырысында президент те еске салып, балалардың білім алуына жағдай жасалуы тиіс деді. Әрі арнайы орталықтарды көптеп салуды тапсырды. Осыдан алты жыл бұрын ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 150 мыңнан сәл асса, биыл 237 мыңға жеткен. Олардың 165 мыңы мектеп жасындағы балалар. Білімді 120 мыңы жалпы мектепте, 17 мыңы арнайы мектепте алады. Соңғы 3-4 жылда жалпы жалпы мектеп ішінен арнайы сыныптар да ашыла бастады. Олардың саны бүгінде мыңнан асады.

Дінмұхаммед Дәулеткелдіұлы Астанадағы 116-шы мектепте оқиды. Жүруі қиын. Жазуы да баяу. Бірақ бұл оның білім алуына кедергі келтірген жоқ.

Дінмұхаммед Дәулеткелдіұлы, №116 келешек мектебінің 8-сынып оқушысы:

Мен жетінші сыныпта тарих пәнінен мектепішілік олимпиадада бірінші орын алдым. Аудандық олимпиадада 2-орын алдым. Өскенде заңгер болғым келеді.

116-шы келешек мектебінде Дінмұхаммед секілді ерекше 102 бала оқиды. Логопед, дефектолог, психолог бар. Сенсорлық кабинеттерде қосымша сабақтар өткізіледі. Биыл алғаш рет зият дамуы тежелген балаларға арнайы сыныптар ашылған. Оларға дефектолог, тәрбиеші және балаларды сүйемелдеп жүретін педагог-ассистент секілді 3 маман жауапты.

Әсел Зейнелкабденова, №116 келешек мектебінің дефектологі:

Сынып жетекшісі және маңызды пән бойынша дефектолог маман сабақ береді және бұл сыныпта тәрбиеші маман бар. Тәрбиеші маман балаларды кабинеттен кабинетке жетелеп, асханаға тамақтануға апарып, дәретханаға сондай ұсыныстарды орындайды. Педагог-ассистенттер ата-аналардан қабылдап алып, балалармен бірге сабақ аяқталғанға дейін қастарында отырады.

Иә, жылдан-жылға инклюзивті білім беруге ден қойылғаны аңғарылады. Бірақ аймақтағы жағдайды қаламен салыстыруға келмейді. Түркістан облысы Бәйдібек ауданында білім беруді былай қойғанда, психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсететін орталық жоқ. 50 мың тұрғыны бар ауданда 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала тұрады. Махаббат Мүсілімова секілді ерекше балалардың ата-анасы 100 шақырым жол жүріп, қалаға қатынауға мәжбүр.

Махаббат Мүсілімова, Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шаян ауылдық округінің тұрғыны:

Біз сол үшін Түркістан облысына бару керек болады. Ал ол жаққа, біріншіден, ерекше баламен бару қиын. Екіншіден, жол алыс, үшіншіден, қаражат мәселесі.

Бақытжан Жұмаділдә, Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғыны:

Шаяннан Түркістанға барады. Түркістаннан Шымкентке барады. Ол жұмыс бітпесе, қайтадан балаларын жетектеп шығады. Мынадай қымбатшылық заманда ерекше балалардың ата-анасының жүйкесі сыр береді. Күйзеліске ұшырайды.

Бекзат Төреқұлова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының м.а.:

50 мың балаға 1 ПМПК. Шымкент қаласында 500 мың бала тіркелген. 10 ПМПК жұмыс істеуде. Өңірлерде қажеттілікке байланысты ашылып жатыр. 04:20 Соңғы үш жылда 53 бірлікке өсті. 2025 жылы 32 бірлікке өсті.

Елімізде ерекше балаларға қолдау көрсететін 540 ұйым бар. (кесте) Бірақ арнайы орталықтарды көбейтумен мәселе толық шешіле ме?

Гүлбану Әниятқызы, ерекше баланың анасы, журналист:

Орталықтарды ашып қою, арнайы сыныптарды ашып қойып, қағаз жүзінде ғана есеп беру емес. Оны іс жүзінде орындауымыз керек. Себебі бізде ерекше балаларды оқытатын маман тапшы. Неге бізде маман тапшы? Мамандардың айлығы өте төмен.

Әсел Зейнелкабденова, №116 келешек мектебінің дефектологі:

Сол 120 мыңнан штаттық кестеге сай бекітіледі. Соған ары қарай қосылып отырады. Еңбек өтілі, санаты барлығы қосылып отырады. Бірақ біздің қаншама балаларымызды бір жолға қойып, бір нәрсе үйретейік деп талпынған қаншама еңбек еткен жалақымызға жұмысымыз сәйкес келмейді.

Бұл сұрақты министрлік өкіліне қойып ек. Күмілжіді. Соған қарағанда жалақы мәселесі жуыр маңда шешілмейтін секілді. Ал елде ерекше балаға білім беретін 3 мыңнан астам кадр жетіспейді.

Бекзат Төреқұлова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының м.а.:

Биылдан бастап педагог-ассистенттерді колледжде дайындайды. Бүгінгі таңда 6 колледж лицензия алып, бағдарламаларын әзірлеп бекітті. Арнайы педагогтерді дайындау бойынша грант былтырғы жылы 450–500 болса, қазір 800-ге дейін ұлғайтылды.

Тағы бір маңызды мәселе – ата-аналардың оқыту бағдарламасына көңілі толмайды.

Гүлбану Әниятқызы, ерекше баланың анасы, журналист:

Жеңілдетілген бағдарламаның өзі түсініксіз. Мысалы, менің қызыма бағдарлама бойынша Ата Заңды үйрету керек екен. Ол сыныппен, партамен, мұғаліммен танысу керек еді бірінші. Сондықтан бұл бағдарлама қайтадан жазылуы керек деп есептеймін.

Инклюзия – бұл тек білім берумен шектелмейді. Әр баланың мүмкіндігін ашып, қоғамға бейімдеп, қамқорлық көрсетсе ғана нақты нәтижеге жетуге болады.

Гүлбану Әниятқызы, ерекше баланың анасы, журналист:

Мұғалімдер, кейбір педагогтердің ерекше балаға деген қарым-қатынас жасау керектігін түсінбейді. Білмейді. Сондықтан менің ойымша, инклюзия деген не, ерекше балаға қандай қарым-қатынас жасау керек, қалай сөйлесу керек, оны қалай бейімдеу керек деген бүкіл мектептерге, педагогтерге курс өткізсе артық болмас еді.

Бекзат Төреқұлова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының м.а.:

Заң шеңберінде осы арнайы педагогтерді қайта даярлау қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда 110 бұйрыққа өзгеріс енгізілді. Арнайы педагогика шеңберінде қайта даярлау қағидаты бар.

Сондай-ақ заң аясында ерекше балаларға білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларын біріктіретін интеграцияланған қолдау жүйесін әзірлеу қарастырылып отыр. Балалардың диагнозын ерте анықтап, дер кезінде қолдау көрсету, мамандардың санын арттыру, қызмет сапасын арттыру секілді тетіктер енгізілген.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Ата-аналарды қынжылтатын тағы бір мәселе – зиятының дамуы тежелген балалардың білім алу мүмкіндігінің шектеулі болуы. Жалпы мектептердегі арнайы сыныпта оқып, 9-сыныпты аяқтаған балаларға арнайы аттестат беріледі, ал бұл олардың әрі қарай колледжге түсуіне мүмкіндік бермейді. Орта арнаулы оқу орындарына түсу үшін бала әуел бастан арнайы мектепте білім алуы қажет. Алайда арнайы мектептерде орын тапшы. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, бұл да заң аясында қарастырылуы тиіс.

Ал Төрехан мен Данияның қазіргі ермегі осы: велоспортқа барып жүр. Шеңбер жолды шыр айналған екеу шырғалаң өмірден өз орнын таба алар ма екен? Анасы осыны ойласа, үнсіз күрсінеді...


Бөлісу