Үкімет Ұлттық қордан қанша қаржы алуды жоспарлап отыр?
Дүйсенбіде Вице-президент пен Үкімет басшысы Құрылтайдың келісімімен бекітілді. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары тағайындалды. Вице-президент – Е. Қарин, премьер-министр – О. Бектенов, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары – А. Балаева. Айта кететіні, соңғы лауазым жаңа Конституция талабынан пайда болды. Бұрын хатшы деген қызмет еді. Енді кеңірек әрі тереңірек мән беретін сфераға айналатыны анық. Қауіпсіздік саласы...
Сонымен, аптаның соңында Президент «Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттіктері туралы» ресми Жарлыққа қол қойып, оның негізгі құзыреттерін бекітті.
Вице-президент ішкі-сыртқы саясат бойынша бастамалар әзірлеп, Президент атынан мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен және саяси партиялармен өзара іс-қимыл жасайды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығы мен ҚСЗИ-ге жетекшілік етеді, сондай-ақ мемлекеттік сыйлықтар, жастар саясаты және кадрлар даярлау жөніндегі арнайы комиссиялардың қызметін қамтамасыз етеді.
Өз құзыреті шеңберінде өкімдер шығарып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар бере алады.
Сонымен қатар жаңадан жасақталған Қауіпсіздік Кеңесінің де құрамы мен өкілеттік шеңбері нақтыланды.
Қауіпсіздік Кеңесі – ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы бірыңғай саясатты үйлестіретін конституциялық орган. Оған Президент басшылық етеді. Негізгі міндеттеріне ішкі-сыртқы қатерлердің алдын алу, тәуелсіздік пен тұрақтылықты қорғау, сондай-ақ әскери және арнайы органдардың қызметін үйлестіру кіреді.
Қауіпсіздік Кеңесінің құрамында Президентті қосқанда осы салаға жауапты 13 лауазым иесі бар. Алғаш рет Төтенше жағдайлар министрі кіріп отыр.
Үкіметке оралсақ. Президент өзіне тікелей бағынатын күштік құрылымдардың басшыларын тағайындап болғасын, вице-премьерлер мен министрлер туралы Жарлықтарын жариялады. Айтпақшы, Алматы облысының әкімі М. Сұлтанғазиевтің орнына Төтенше жағдайлар министрі болған Шыңғыс Әрінов тағайындалғанын айта кетейік.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Аптадағы негізгі талқы Үкіметтің ауысқаны емес, оның құрамының ауыспағаны болды. Иә, Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет отставкаға кеткен. Бірақ бұл отставка Үкіметке берілген жағымсыз баға емес, жаңа саяси цикл басталғанда жасалатын конституциялық рәсім екені көрінді.Өйткені, Премьер-министр Олжас Бектенов орнында қалды. Оның 6 орынбасарының бесеуі қызметін сақтап қалды. Жалпы 21 министрдің 4-і ғана жаңарды. Яғни, Үкіметтің шамамен 80 пайыздан астамы бұрынғы құрам. Әсіресе экономикалық блокта өзгеріс болған жоқ. Сарапшылар сөзінше, Президент осы арқылы Үкіметке «бастаған жұмысты соңына жеткізіңдер, бірақ нәтиже көрсетіңдер» деген сигнал бергенге ұқсайды.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
2025 жылдың басында біз салық реформасына және жалпы экономикалық реформаға дайындық жұмыстарын жүргіздік. 2026 жылдан ол іске асты. Енді оның нәтижесі әлі шыққан жоқ. Өйткені, бізде бір календарлық жыл толық аяқталуы керек.2027 жылдың жартысында шамамен 2026 жылғы жұмыстардың нәтижесі шыға бастайды. Сол кезде жаңағы үмітті ақтады ма, ақтаған жоқ па деп айтуға сол кезде ғана негіз бар.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Яғни, реформа ойдағыдай болмаса, оны бастағандар жауап беруіне тура келеді. Сондықтан Үкіметтегі экономистерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Олардың есебінше, 2027–29 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі жылына 5 пайыздан жоғары болады. Құрылыс саласында өсім 2027 жылы 16 пайыз, 2029 жылы 17,3 пайыз болады. Бірақ Үкіметке одан да нақты талап бар. Ол экономикалық өсім қағазда ғана көрінбей, халықтың табысына және өмір сапасына әсер етуі тиіс.
Қайрат Бодаухан, экономист:
Бізде 2026 жылғы бірінші жартыжылдық бойынша ЖІӨ көлемі 4,1 процентке өскен. Ауылшаруашылығы, өңдеу өнеркәсібінде өсім қарқыны бар.Экономикадағы осындай өзгерістермен қатар біздің Үкіметтегі жіберілген олқылықтарды айтқан дұрыс болар деп ойлаймын. Өйткені өңірлердің аумақтық даму процесі әлі шешілген жоқ. Инфляция деңгейі 10 пайызға дейін жоғарылаған.
Бірақ тамыз айында жылдық инфляция 9,8 пайызға төмендеген. Сол себепті болар, кеше Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға түсірді. Сондай-ақ, Үкіметпен бірлесе жұмыс істеп, 2028 жылы инфляцияны 5 пайызға түсіру жоспары бар екенін айтты.
Бұл жағымды естілгенімен, оған жету оңай болмайтыны түсінікті. Өйткені, Үкіметтің экономикалық өсімді жеделдету жоспары мен Ұлттық банктің инфляцияны тежеу саясатында кейде қайшылықтар болып тұрады.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Бұл жерде бір маңызды мәселе бар. Үкімет Ұлттық қордан алдағы үш жылда жалпы 11,9 трлн теңге алуды жоспарлап отыр. Оның 6,9-ы бұрыннан бюджетке бөлініп келе жатқан кепілдендірілген трансферт ретінде. Ал, 5 трлн Президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін нысаналы трансферт ретінде бөлінеді. Бірақ Үкімет ақшаны қай жобаларға жұмсайтынын әзірге көрсеткен жоқ. Ресми мәліметте «маңызды инфрақұрылым нысандары мен жалпыұлттық маңызы бар жобалар» делінген. Біз сұхбаттасқан экономист аталған қаржы қайтарымы 4–5 жылда болатын салаларға құйылса, – дейді.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Ұдайы ақша алып келіп отыратын нәрсеге, мысалы БАКАД сияқты жолдар. Қытай мен Қазақстан арасындағы темір жол желісін, сол жақтан тарифтен біз ақша табамыз ғой жақсы. Немесе НПЗ. Мысалы, қазір ең ақша салатын нәрсе мұнай айыру зауыты, авиаотын шығару. Авиаотынды қазір шығарсақ өзіміз бізді ешкім 1–2 жылдың ішінде барлық ақшаны ақтап аламыз. Қазір бүкіләлемде авиаотын тапшылығы бар.
Экономистер бұл ақша қарапайым бюджет қаржысы сияқты бөлінбеуі тиіс деп есептейді. Өйткені, жаңа айтқанымыздай, Ұлттық қордан онсыз да жыл сайын бюджетке ақша бөлінеді және ол бюджет арқылы кейде жеке кәсіпорындарды да қаржыландыруға кетеді.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
Біздің «Самұрық–Қазынаның» астында квазимемлекеттік кәсіпорындар дейміз ғой, өте көп солар. Президентіміз айтқан еді 243-ін ЖШС-ны жекешелендіріңдер деген еді 2025 жылы. Ол орындалмады да. Биыл 500-ін жекешелендіріңдер дейді. Яғни, 500-ге жақын ЖШС, компаниялар бәрі бюджеттен ақша алып отыр.
Сондықтан Ұлттық қордан қосымша алынатын әр тиынды бақылау үшін оны бөлудің механизмін ойластыру керек, – дейді мамандар. Өңірлерден нақты жобалар бойынша өтінімдер жиналып, олардың жоспарлары мұқият қаралуы керек. Өйткені Ұлттық қор қаражатын дұрыс жоспарламай жұмсау инфляцияны күшейтуі мүмкін.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Қазіргі ұсыныс бойынша 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап АЕК 4 693 теңге, ең төменгі зейнетақы 74 919 теңге болады деп ұсынылып отыр. Ал, ең төменгі жалақы 85 000 теңге болып қала бермек. Айта кетейік, бұл көрсеткіш 2024 жылдан бері өспей келеді. Ең қызығы осы. Барлық көрсеткіш өсіп, халықтың күнделікті шығыны да артып жатқанда номиналды жалақы өзгермей тұр. Сондықтан оны өсіру мәселесі көптен талқыланып жүрген. Бірақ экономистер мәселенің екінші жағы бар, – дейді.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Жеке кәсіпкерлердің өзіне төлейтін әлеуметтік төлемдері есептеледі ғой, сол кезде мысалы ең төменгі жалақымен өзіне өзі жаңағы зейнетақы жарнасын төлейді 8500. Егер біз ең төменгі жалақыны 150-ге көтеріп тастасақ, номинальды түрде ИП 8500 емес, 15 мың төлеуге мәжбүр болады. Бұл жағынан алғанда 3 млн Қазақстанда жеке кәсіпкер бар, солардың да жағдайын ойлау деймін. 85 мыңды көтеріп жіберсек, адамдардың жағдайы көтеріледі дегенге мен сенбеймін, өйткені 85 мың алып отырған адамдардың саны саусақпен санарлық қалды.
Бірақ бұл экономистің пайымы. Үкімет ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі әзірленгенін айтқан. Бірақ оның мөлшерін белгілерде инфляция мен халықтың нақты табысы қаншалықты ескерілгені кеңінен түсіндірілмеді.
Негізі, 85 мың басқа көрсеткіштермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мысалы, орташа жалақы 486 мың, медианалық жалақы 348 мың.
Сондықтан негізгі мәселе ең төменгі жалақының аздап қана өскені емес, оның халықтың тұрмысына қаншалықты сай екені.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы