Басты Жаңалықтар Елордалық мектепте ауқымды фестиваль өтті

Елордалық мектепте ауқымды фестиваль өтті

Елордалық мектепте ауқымды фестиваль өтті

Заманауи мұғалім және ұлттық код: Елордалық мектепте ауқымды фестиваль өтті
Жасанды интеллект пен озық технологиялар дәуірі білім беру жүйесіне мүлдем жаңа талаптар қойып отыр. Ендігі кезекте мұғалім - тек өз пәнін түсіндіруші ғана емес, тұлға қалыптастырушы басты күшке айналуы тиіс. Осы орайда, елордадағы №102 жалпы білім беретін мектепте бір жыл бойы жүргізілген ауқымды экспериментті қорытындылаған «Культурологический код: от традиций к инновациям» атты фестиваль өтті.
Үштік одақ: Оқушы, мұғалім және ата-ана
Аталған білім ошағы бір жыл бойы үлкен эксперименттік алаңға айналып, құрғақ жаттанды білімді емес, мәдениеті жоғары, сыни ойлай алатын тұлға тәрбиелеуді мақсат етті. Бұл жүйенің басты ерекшелігі — «оқушы - мұғалім - ата-ана» үштігінің бір команда болып жұмыс істеуі.
Мектеп басшылығының мәлімдеуінше, заманауи модельде мұғалімнің рөлі түбегейлі трансформацияға ұшыраған. Ол тек ақпарат беруші емес, оқушының танымдық қабілетін бағыттаушы менторға, медиатор мен навигаторға айналып отыр.
Сұлушаш Ибраева, мектеп директорының орынбасары:

Биыл біз 2025-2026 оқу жылында жаңа инновациялық модельдің алғашқы нәтижелерін қорытындылап отырмыз. Мұғалім тек сабақ беруші ғана емес, ол оқушымен диалог құратын медиатор, бағыттаушы навигатор және ақыл-кеңес беретін ментор болуы керек. Біздің педагогтар қазір осындай рөлдерді сәтті атқарып шықты.
Эксперимент нәтижесі: 7 түрлі бағыт
Фестиваль аясында 7 түрлі эксперименталды алаң жұмыс істеп, қатысушыларға ерекше мүмкіндіктер сыйлады. Мәселен, «Көңілдің айнасы» оқырмандар клубында балалар тек мұғалімдермен шектеліп қалмай, елге танымал тұлғалармен еркін пікір алмасып, ой-өрісін кеңейтті. «Polilingua» алаңында оқушылармен бірге ұстаздар да белсенді түрде тіл үйреніп, әлем мәдениетіне есік ашуда. Сондай-ақ шара барысында робототехника (STEM-лаборатория), тарихи ескерткіштердің 3D-модельдерін таныстыру, инклюзивті сыныптардың өнері мен ата-аналарға арналған психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.
Дана Адильшина, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
Бүгінгі фестиваль - біздің эксперименттік алаңның жыл бойына жасаған іс-шараларының нәтижесі. 7 тақырып аясында ұйымдастырылған алаңдарға оқушылар, ұстаздар және ата-аналар белсене қатысты. Жалпы мақсатымыз - оқушылардың бойында мәдени құзыреттілікті дамытып, жеке тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау.
Болашақтың мектебі
Диагностика қорытындысы көрсеткендей, бұл тәжірибеден кейін оқушылардың сабаққа деген ынтасы артып, алған білімдерін күнделікті өмірде қолдану дағдылары қалыптаса бастаған.
№102 мектептің бұл қадамы - қазіргі заман мұғалімінен үнемі ізденісті және икемділікті талап ететінінің айқын дәлелі. Тек инновация мен ұлттық тәрбие тоғысқан жерде ғана саналы ұрпақ қалыптаспақ. Елордалық білім ошағының бұл озық тәжірибесі өзге мектептерге де үлгі болары сөзсіз.

Бөлісу