Аида Балаева «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының заманауи медиакешенімен танысты
Бүгін Алматыда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының заманауи медиакешенінің жұмысымен танысты.
Жалпы аумағы 8493 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимарат озық технологияларды, ауқымды өндірістік мүмкіндіктер мен заманауи телерадио хабар тарату инфрақұрылымын біріктірген. Медиакешенде ірі телевизиялық жобаларды түсіруге арналған аумағы 1050 шаршы метр болатын үлкен студия орналасқан.
Сонымен қатар ақпараттық, сараптамалық, мәдени және арнайы жобаларды әзірлеуге арналған аумағы 133 және 135 шаршы метрді құрайтын тағы екі заманауи студия жұмыс істейді. Ерекше орындардың бірі - ғимарат шатырында орналасқан Sky-студия. Мұнда сұхбат, тікелей эфир мен ашық форматтағы жобалар жасауға болады.
Жаңа медиакешен жұмысымен танысқан Аида Балаева заманауи инфрақұрылым мен ғимараттың технологиялық жабдықталуының медиа саласы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Себебі еңбек жағдайын сапалы ұйымдастыру мазмұнды әрі бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие контент жасауға тікелей әсер етеді.
Айта кетейік, қазақстандық телевизияның тарихи ғимараты - «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның Алматыдағы филиалы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде өртеліп, тоналған болатын. Кейін оның орнына жаңа телеарна ғимаратын салу үшін ескі нысан сүрілді. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың жазында басталып, 2025 жылдың желтоқсанында аяқталды.




Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы