Басты Жаңалықтар Әкесі сал баласына жаттығу құралдарын қолдан жасап жүр

Әкесі сал баласына жаттығу құралдарын қолдан жасап жүр

Церебральды сал дертіне шалдыққан баласын аяққа тұрғызуды мақсат еткен көкшетаулық әке жаттығу құрылғыларын қолдан жасап жүр. Бұл емдік дене шынықтыруды үзбей, үй жағдайында жүйелі жасауға мүмкіндік берген.

Әбілмансұрға церебральды сал ауруы диагнозы 1 жасында қойылған. Содан бері тұла бойы тұңғышын аяққа тұрғызу үшін Жанат Нұғыманов жұбайымен талай маманның есігін қаққан. Тіпті шетелде емдетті. Ауыр кеселмен 17 жылғы күресте түсінгені – емдік жаттығуды үзбей жасату.
Жанат Нұғыманов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Біз емделген, реабилитация әдістерін біріктіріп, өз методикасын дайындадым. Менің методикамда осындай тренажерлер бар. Осы тренажерлер арқылы мен баламды көтеремін.
Нәтиже жаман емес. Бүгінде Әбілмансұр қазір компьютердегі түрлі ойын ойнай алады. Ата-ана үшін бұл үлкен жеңіс. Соңғы екі жылда Жанат Нұғыманов 5 жаттығу аппаратын құрыстырып, дайындады. Сызбасын да өзі жасайды. Сол үшін дәнекерлеу мен электрониканы меңгеріп алған. Бүгіндері Әбілмансұрға деп арнайы жасақталған бөлмедегі барлық жаттығу құрылғылары қамкөңіл әкенің өз қолынан шыққан.
Елена Нұғыманова, Көкшетау тұрғыны:
Жұбайым ұлымыздың емдік жаттығуына тереңдеп кірісті. Барлығын өзі зерттеп, қажет құрылғыларды құрастырып жатыр. Әкесінің табандылық танытуы үмітіме қанат бітірді. Әбілмансұр барлығын жақсы түсінеді. Оның интеллектісі жақсы дамыған. Екі жыл бұрын басына ота жасалып, нейростимулятор орнатылды. Сондықтан Әбілмансұр алдағы уақытта өзіне қызмет көрсете алатын деңгейге жетсе деп тілейміз.
Жалпы, елімізде 115 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 19 мыңға жуығы церебральды сал ауруына шалдыққан. Оларды оңалту бойынша арнайы 33 орталық жұмыс істейді. Көкшетаудағы «Болашақ» оңалту бөлімшесі биыл күрделі жөндеуден өтіп, емдік дене шынықтыруға арналған жаңа құрылғылармен қамтылды.
Айсұлу Мұқышева, «Болашақ» оңалту бөлімшесінің меңгерушісі:
Бұрын өте аз болып еді. Биыл жөндеу жұмысынан кейін көп аппарат алынды. Олар әртүрлі вертикализаторлар, мотопедтер, велотренажерлер, жүруге арналған иммитатор дейді, жүруді үйрететін аппараттар.
Алайда оңалту орталықтарында күнделікті емді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалар жылына тек 2-3 рет қана ем қабылдай алады. Жанат Нұғымановтың жаттығу құрылғыларын өз қолынан жасап, бір бөлмені жасақтап қоюы да сондықтан. Қазір ол Әбілмансұрдың жүріп кетуіне көмектеседі деген ниетпен экзоскелет құрастыруды қолға алды.


Бөлісу