Мемлекет жалға беретін баспана мен жалға алу құнын субсидиялау: Шарттары қандай?
Тұрғын үй бағдарламаларының ішінде әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарға арналған бірнеше нұсқаға тоқталамыз.
Елімізде 968 мың азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жалға алу құнын
субсидиялау бағдарламасына осы тізімдегілердің 4 санаты яғни, бірінші және
екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы,
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен көп балалы отбасылар
қатыса алады. Яғни олар пәтер жалдап тұрса, жартысын мемлекет төлеп береді. Ол
үшін алдымен жалға алушы, Отбасы банк және тұрғын үй иесі тарапынан үшжақты
келісім жасалып, otbasybank.kz порталы арқылы онлайн өтінім беру қажет. Ал
отбасының табыс көзіне қатысты мынадай талап бар.
Еркеш Нүсіпбек, «Отбасы банк» АҚ тұрғын-үймен қамтамасыз ету орталығының
маманы:
Соңғы алты айдағы жиынтық табысы әр отбасы мүшесіне шаққан кезде бір күнкөріс табыс деңгейінен аспауы тиіс. Биылғы есеп бойынша - 50851 теңге. Отбасы құрамы қанша азаматтан тұрады. Соған байланысты шаршы метрі субсидияның төленетін төлемақысы есептелінеді.
Егер отбасында 3 адам болса 40, 4-5 адам болса 60 шаршы метр, 6-дан көп
болса 80 шаршы метр үйді жалдай алады. Жобаның тағы бір талабы туыстардан пәтер
жалдауға болмайды. Субсидиялаудағы ең көп кездесетін проблема – пәтер иелері
қымбатқа өткізетіні өз алдына, келісім-шарт жасасқысы келмейді, себебі салық
төлеуден жалтарады. Салдарынан кезекте тұрған азаматтар қолайлы пәтер таба
алмай қиналып қалады. 2022 жылы басталған жобаға жыл сайын 9-10 млрд қаражат
бөлінеді. 4 жылда 30 мыңға жуық азамат бағдарламаның игілігін көрген.
Ал енді мемлекет жалға беретін баспананың шартына тоқталсам, жаңағы
тұрғын-үй кезегінде тұру міндет. Алдымен әлеуметтік осал топтағылармен қатар,
соғыс ардагерлері, экологиялық апаттан зардап шеккендер, қызмет бабында қайтыс
болған азаматтардың отбасыларына басымдық беріледі. Содан кейін ғана
қалғандарына үлестіреді. Айта кетерлігі
бұл үйлердің жалдау ақысы анағұрлым арзан, орташа есеппен 10-20 мың теңге.
Даубек Керімбаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй
қатынастары басқармасының бас сарапшысы:
Жалға берілетін үйлер жекешелендіруге жатпайтын. Заң қабылданғаннан кейін барлық жалға берілетін үйде тұрған азаматтардың жекешелендіруге құқы бар. Оның ішінде І-ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар үйлерін тегін жекешелендіреді. Қалған санаттағы азаматтар әкімдіктер арқылы қалғанын құнын есептеп береді. Сонымен қатар жалға берілген үйлердің барлығында амортизация деген бар. Жыл сайын 2 пайыз, өз құнынан төмендейді.
Яғни сіз жалдап тұрған үйді бірден емес, бес жылдан соң немесе он жылдан
соң жекешелендіріп, төмен бағада сатып ала аласыз. 2025 жылдың қыркүйегінен
бері 12 мыңнан астам пәтер жалға берілді. Тағы 5000-ын бөлу қарастырылып жатыр.
Бөлу демекші, мемлекет жалға беретін баспанаға адамдар өтініш бермейді.
Керісінше, кімге үлестіру керегін кезекте тұрғандардың тізіміне қарап
автоматтандырылған база шешеді. Ескеретін жайт, дәл осы бағдарламаға
қатысқандар үй кезегінен шығарылады.
Еркеш Нүсіпбек, «Отбасы Банк» АҚ тұрғын-үймен қамтамасыз ету орталығының
маманы:
Мысалы, сіз 2002 жылы тұрған болсаңыз, екінші адам 2020 жыл тұрса біз бірінші кезекте ертерек тұрған азаматқа бөлуді жасаймыз. Тұрғын үйді бөлу банктің автоматтандырылған жүйесінде жүзеге асырылады.
Тұрғын үй кезегінде тұрғандар егер жиған-терген қаражаты болса, бастапқы
жарна 10 пайызын төлеп, 2 пайыздық және 5 пайыздық бағдарламаларға қатысып,
ипотекаға үй сатып ала алатынын да айта кетейін. Былтырдан бері 5 мыңға жуық
отбасы осы бағдарламалар арқылы үйлі болған. 2024 жылдан бері кез-келген үйі жоқ
азамат кезекке тұра алады деген заң бекіді. Содан бері үй кезегі күрт көбейген.
Кезек өте баяу жылжиды. Ал кей өңірлерде үлестірген тұрғын-үйлердің сапасына
сын көп. Қабырғасы жарылып, төбесінен су аққан фактілер жиі кездеседі. Жалпы
елде тұрғын-үй мәселесі өте өткір. Сарапшылардың сөзінше баспана мәселесін
жүйелі түрде реттеу үшін базалық мөлшерлемені төмендету керек.
Жеңіс Шәріпұлы, қаржы сарапшысы:
Бізде көбінесе бастапқы жарна – проблема. Ең бірінші біздің инфляциямызды тоқтату керек. Біздің базовый ставка төмендеу керек. Ипотека бастапқы жарна 10-20 пайыз беру үшін біздің базалық мөлшерлеме 5 пайызға дейін азаюы керек. Сонда адамдарға берілетін мөлшерлеме 10 пайыз болғанда ипотека көлемі көтеріледі. Ешқандай жаңа бағдарлама емес, базалық мөлшерлеме төмендесе адамдарға пәтерлер қолжетімді болады.
Қалаға үдере көшу - урбандалу процесінің қарқыны қатты. Ол түсінікті де.
Дегенмен, перспективасы бар елді-мекен, ауылдарға адам тарту идеясын талқылап
көрсек. Мал ұстап, бақша егуге қолайлы, суы, жарығы, жолы – базалық
қажеттіліктер бар ауылдарда тұруға кетәрі емес адамдар біреу-екеу емес сияқты.
Тым қызбалыққа/фанатизмге ұрынбаса, бұл мән беретін вариант.
Иә, сондай мысалдардың біріне тоқталсам, ақпан айында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің бастамасымен «Қаладан - ауылға» пилоттық жобасы қолға алынған. Яғни, сол өңірдегі ауылдарға көшіп барғандарға баспана, мал үлестіру секілді бірқатар әлеуметтік көмектер берілетіні айтылды. Содан бері арада үш ай өтті. Біз әкімдікке хат жазып, осы жобаның мән-жайын сұрадық. Бүгінге дейін Абай облысының ауыл-аудандарына жан-жақтан 171 отбасы, яғни 570-ке жуық тұрғын көшіп келген.
Қанат Тұрар, «Қаладан-ауылға» пилоттық жобасының үйлестірушісі:
Ең бастысы мектеп жасындағы балаларына басымдық береміз. Содан кейін жаңағы жетіспейтін мамандар үлкен шаруашылықтарға керек мамандар болса бір баласы болса да ол кісілерге шектеу қоймаймыз. Бұл жерде мынадай бір қатаң талап жоқ. Бұл жердегі басты шарт – ауылдарды жаппауымыз керек. Ауылдарды жаппау үшін – мектепте оқушы саны нормасына сай болу керек.
«Қаладан-ауылға» жобасының ішінде барлық әлеуметтік бағдарламалар
қамтылған, дейді мамандар. Мысалы, «Жұмыс күші ұтқырлығын арттыру» деген
бағдарламасы Оңтүстік өңірлерден Абай облысына қоныс аударушыларды қолдауға
бағытталған. Оларға тұрақты жұмыс, жолақы мен тегін баспана секілді квота
қарастырылған. Алматы облысының тұрғындары Нұрхат пен Айдана бағдарламаның осы
мүмкіндігімен танысқан соң, Абай облысының Бесқарағай ауданына бірден көшіп
келген.
Нұрхат Мажкенов, Бесқарағай
ауданының тұрғыны:
Жолақысы төленді әр адам басына 302 мың теңгеден. Қызым барлығы есепке алынды. Және үйімізді алып берді. Біраз ауылды таңдап, араладық. Өзімізге қонымды осы ауыл болды. адамдарының жүзі жылы мейірімді. Көршілерімізбен танысып үлгердік. Үлкендеріміз лебіздерін танытып, баталарын беріп жатыр. Барлығы ұнап жатыр. Мектеп жаңа. Қызымды балабақшаға орналастыруға көмектесіп жатыр.
Айдана Мұхажанова, Бесқарағай
ауданының тұрғыны:
Тұрақты түрде жұмысқа орналастырды. Жолдасым аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа кірді. Мен аудандық Жастар ресурсы орталығына жұмысқа орналастым.
Нұрхат Мажкенов, Бесқарағай ауданының тұрғыны:
Қызығып отырғанымыз – қазіргі таңда мал шаруашылығы деп отырмыз қосымша ретінде. Жер көлемі мүмкіншілік беріп отыр. Ауыл бойынша қосатын табыны бар. Ол жағынан өте қолайлы.
Қанат Тұрар, «Қаладан-ауылға» пилоттық жобасының үйлестірушісі:
Екі сиырын береді, 10 қойын береді, немесе бір тайын береді. Әр ауылдық округте ол әртүрлі. Бұл стандартты түрде екі сиыр, 10 қой деген сөз емес. Кейбір ауылдық округтерде 10 қойын береді, бір тайыншасын береді. Соғымын берейік, құс берейік дегендер бар. Ауылдың берекесі тарқаған жоқ. Ауылда береке бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы