«4739» деректі фильмінің премьерасы өтті
Астанада «4739» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Туынды ағза трансплантациясы, трансплантолог дәрігерлердің еңбегі және өмірлік маңызы бар операцияны күтіп жүрген адамдардың тағдыры туралы баяндайды. Фильмнің премьерасына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, белгілі дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, реципиенттер мен олардың отбасылары, сондай-ақ туынды авторлары мен кейіпкерлері қатысты.
Премьера басталмас бұрын Аида Балаева деректі фильм қоғамдағы өзекті әрі нәзік тақырыпты қозғап, көпшілікке ой салатынын айтты. Өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт денсаулығын басты құндылық ретінде бағалап, елімізде ағза тарансплантациясы жүйелі дамып келе жатқанына үнемі тоқталатынын жеткізді. Сондай-ақ, Премьер-министрдің орынбасары Жаңа Конституцияда әр адамның өмір сүру құқығы қамтамасыз етілген, сондықтан денсаулық сақтау жүйесі аурудың алдын алудан бастап күрделі трансплантацияға дейінгі барлық мүмкіндікті тиімді пайдалануы тиіс екен айтты. Фильмнің «4739» деп аталуының өзіндік мәні бар. Бүгінде ағза трансплантациясын күту тізімінде дәл осынша адам тұр. Олардың басым көпшілігі үшін трансплантация -өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Жыл сайын 350-ден астам пациент қажетті операцияны күтпестен көз жұмады екен. Еліміздегі трансплантация операцияларының шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалса, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Мәншүк Мақсұтқызы, Фильмнің жетекшісі:
Бұл өте өзекті тақырып. Кезекте тұрған адам саны өте көп. Ал келісім беріп жатқандар өте аз. Біз осы фильм арқылы осында келген 200 адамның ең болмаса екеуінде үлкен ой тудырып, осындай ниет тудырсақ, біз үшін үлкен жеңіс болғалы тұр.
Соңғы бес жылда елімізде 1 500-ге жуық ағза трансплантациясы жасалды. Тек өткен жылдың өзінде бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясы бойынша 310 операция жасалды. Балалар трансплантологиясының дамуы да маңызды жетістікке айналды. 2026 жылы елімізде алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалды.
Қасиет Әкімова, қала тұрғыны:
Қараша айында 8 жыл болады, сол уақыттан бері мен күту парағында тұрмын. Өзімнің өкінішке қарай донорым жоқ. Тек қана үмітім осы күту парағында ғана. Біздің жасымыздағылар ғана емес, қазір бұл ауру бүйрек жетіспеушілігі деген кіші балаларда да өте көп. Сол жайлы білу керек қоғам. Өйткені бұл ауру жыл өткен сайын жасарып бара жатыр.
Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз пікірін 172 мыңнан аса адам білдірген. Олардың 16 мыңнан астамы донор болуға келісім берсе, 156 мыңы бас тартқан.
Гүлжан Әлішерқызы, көрермен:
Фильм өзіме өте қатты әсер берді. Кейіпкерлер өмірге әрқашан үміттеніп қарайды, өмір сүргісі келетін адамдар.
Көрермен Ерлік Досан үшін бұл тақырып жан дүниесіне аса жақын. Бір кездері ол да фильмдегі кейіпкерлер сияқты сағаттап диализ аппартына тәуелді болған. Осыдан 4 ай бұрын оған анасы донор болып, баласы үшін бір бүйрегін берген.
Ерлік Досан, көрермен:
Екінші рет қайта дүниеге келгендей болдым. Бұл тақырып неге жақын, себебі, қиыншылықтар өте көп, оны айтып жеткізу өте қиын. Бірақ осындай фильмдердің көптеп шықса деген ниеттеміз.
Көпшілікке ой салатын туынды пациенттердің, олардың отбасылары мен медицина қызметкерлерінің шынайы оқиғалары арқылы адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, дер кезінде қабылданған шешімнің маңызы туралы мәселелерді көтереді. Сондай-ақ фильм ағза трансплантациясы жөнінде қоғамда ашық әңгіме өрбітуге ықпал етуді көздейді. «Хабар» агенттігі ұсынған деректі фильмді 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы