Түркістан облысында вегетациялық кезеңде су жеткілікті деңгейде беріліп жатыр
Түркістан облысында вегетациялық кезең қалыпты деңгейде басталды. Биыл ауа райының ылғалды, жауын-шашынды болуына байланысты су қоймаларында жеткілікті көлемде су жиналған. Үш ауданды ағын сумен қамтитын «Шардара» су қоймасында қазір 3 млрд 716 млн текше метр су жиналып тұр. Ал трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы Өзбекстаннан секундына 145 мың текше метр су келіп жатыр. Мамандар шілденің шіліңгір ыстығында шаруалардың сұранысына сәйкес су қажетті көлемде беріліп жатқанын айтады.
Шардаралық шаруалар өткен жылы ағын судан тарығып, күзге дейін қиыншылық көрген еді. Мақтаға дер кезінде су бере алмай, күріш еккендер суға кезекке тұрған. Қауын-қарбыз еккендер де су таппай, өнім көлемі азайып кеткен болатын. Ал биыл ол жағдай қайталанбайды. Себебі Шардара су қоймасына көктемде қажетті көлемде су жиналып, егістіктерге еркін беріліп жатыр.
Сейдрахман Өткелбаев, шаруа:
Биыл құдай қаласа, суымыз былтырғыға қарағанда он күн алдын берілді. Шаруа қожалықтарының барлығы суғарып бітті. Өзім мақтамды суғарып болдым. Тағы егетін бақшалар бар. Қанша су керек болса да береміз деп отыр.
Сыйымдылығы 5,2 млрд текше метр болатын Шардара су қоймасы қазір 71 пайызға толып тұр. Шіліңгір шілдеде жиналған судың көлемі жылдағыдан көп дейді мамандар. Бүгінде Сырдария өзені арқылы секундына 550 текше метр, ал Қызылқұм магистральді каналы арқылы секундына 135 текше метр су жіберіліп жатыр. Сол арқылы Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласына және Қызылорда облысына ағын су қажетті көлемде берілуде.
Ермек Иса, «Қазсушар» РМК Шардара су қоймасы өндірістік бөлімшесінің басшысы:
Былтырғы жылмен салыстырғанда 1 млрд 891 млн текше метр суымыз жоғары, артық, көп. Қазіргі уақытта бөгеттің беріктігі мен судың есептілігі жөнінен күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жалпы сұранысқа байланысты сумен қамтамасыз етеміз.
Шардара ауданында 58 мың гектар жер суарылса, соның 12 мың гектарына мақта дақылы егілген. Ал күріш егу көлемі биыл үш есеге азайтылған. Өйткені өткен жылы күріш еккендер көбейіп, мамандар су жеткізе алмай қалған болатын.
Талғат Әлімқұлов, Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
Аудан бойынша Қызылқұм магистральді каналында 50-ден астам канал бар. Сол каналдар бойынша әр каналдың өткізу қабілетіне қарай, шаруалардың сұранысына қарай, әрбір округтің табиғатына да қарай бөлініп жатыр бұл су. Суды күріш егілген жерлерге ғана үлестіріліп беріліп жатқан жерлер бар.
Ал көршілес Жетісай, Мақтаарал аудандарына ағын су «Достық» магистралды каналы арқылы тоқтаусыз келуде. Екі ауданның 140 мың гектар егістік алқабы осы трансшекаралық канал арқылы суарылады. Биыл үкіметаралық бекітілген лимиттің көлемі 910 млн текше метр су болса, шаруаларға 775 млн текше метр су босатылған. Сондай-ақ «Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы ағын сумен Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандары қамтамасыз етілуде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы