Басты Жаңалықтар Астаналық мәдениет майталмандары марапатталды

Астаналық мәдениет майталмандары марапатталды

Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты кеш өтті. Мерекелік жиында елорданың мәдени дамуына қосқан үлесі, ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды дәріптеуге сіңірген еңбегі және жоғары кәсіби жетістіктері үшін бірқатар сала мамандары марапатталды.

Бас қалада театр, кітапхана мен музей, шығармашылық ұжымдардың қатары көбейіп, өнердің өрісі кеңейіп келеді. Былтырдың өзінде елордада он үш мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып, екі жүз миллионға жуық көрерменге рухани азық сыйлады. Бұл - Астананың мәдени кеңістігі кемелденіп, руханияттың алтын бесігіне айналып келе жатқанын айғағы. Кәсіби мерекеде тағы бір қуанышты жаңалық жарияланды.
Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
Бүгінгі айтулы мерекеде бір қуанышты жаңалықты талқыладық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімімен Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония мен Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына Ұлттық мәртебе берілетін болды.
Бүгінде елордалық мәдени мекемелерде бес мыңға жуық маман еңбек етеді. Салтанатты жиында олардың бірқатарының еңбегі еленіп, мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Марапат иелерінің қатарында ұзақ жылдар бойы ел руханиятына қызмет етіп келе жатқан мәдениет майталмандары да бар.
Самат Тергембаев, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры директорының орынбасары:
Бүгінде мемлекет тарапынан мәдениет саласына ерекше көңіл бөлінуде. Тек Астана қаласын алатын болсақ қаншама мәдениет ошақтары салынды, қаншама ұжымдар ашылды. Соның бәрі келген қонақтар, шетелден болсаын, аймақтардан болсын. Бұл бүгін нәтижесін бермесе де. Болашақта бәрі нәтижесін беретін дүниелер.
Мәдениет қызметкерлеріне құрмет көрсетілген кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Өнер иелері көрерменге классикалық және заманауи шығармаларды ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Бөлісу