Бюджеттегі ұрлық: Былтырдан бері білім беру саласында 85 қылмыстық іс тіркелген
Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент бойынша департаменті 1,3 млрд теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісін анықтады. 2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған.
Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер қатысқан.
Адамдарды оқу орындарына қабылданды деп құжаттар толтырған, бірақ тіркелгендер білім алмаған... Медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен білім алған...
Ең сорақысы – схеманы ұйымдастырушы жымқыру фактісі бойынша сотталып, түрмеде отырған адам.
Қазына қаржысын түрлі тәсілмен тонаушыларды тоқтату үшін не істеледі, осы? Мысалы, әрбір ұшақ апатынан соң себебі анықталмай қоймайды. Жан-жақты тергеу жүреді. Өткені қайталанбауы керек! Коррупциядан, ұрлықтан адам өлмейді. Бірақ тегін дәрі тізбегі қысқарады. Жол жөнделмейді, жаңасы салынбайды. Балабақша ашылмайды, тағысын тағы. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің іргетасы мүжіле береді. Ең жаманы – адамдарда сенім жоғалады.
Мұрат
Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең өзекті, ең проблема – білім саласы. Ең таза,ең адамгершілігі мол шынайы адамдар жұмыс істейді деп ойлайтын едік. Соңғы кезде естейтініміз ұрлық, коррпуция.
Қозы
Көрпеш Жасарал, тілші:
Рас, әлеуметке бағытталған қаржы әртүрлі жолмен әлеуеттілердің әмиянында кетті. Ебін тапқандар екі асап, қазына қаржысын «жылыстатып» жібергендер көп. Мәселен, Шымкентте қос бірдей колледждің құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған.
Ернар
Тайжан, ҚМА
ресми өкілі:
Схема жалған оқуға қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы бұйрықтарды рәсімдеу, құжаттарды растау үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ орындалған жұмыстар туралы жалған актілер жасау арқылы жүзеге асырылған.
Іс материалдарына үңілсек, «Оңтүстік Қазақстан
гуманитарлық-қаржы колледжінің» аты бар да, заты жоқ. Тек формалды құрылым ғана
болған. Ал, медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған
студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделген.
Ернар
Тайжан,
ҚМА ресми өкілі:
Бір қызығы, схеманы ұйымдастырушы бұған дейін жасаған жымқыру фактісі үшін соңғы үш жыл бойы бас бостандығынан айыру орындарында бола тұра, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарған. Тергеу барысында күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі залалды ерікті түрде өтеген. Сот санкциясымен 3 пәтерге, оның ішінде Дубай қаласындағы пәтерге, 3 тұрғын үйге және 3 автокөлікке тыйым салынды.
Қазіргі таңда агенттік
тергеп-тексеруді аяқтап, істі сотқа жолдаған. Депутат Мұрат Әбенов білім саласы
кадр даярлаудан бұрын, бизнес көзіне айналып кетті деп ашынады.
Мұрат
Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Балаларға сапасыз білім беру, балаларға қауіпсіздік мәселесі бойынша проблема туындату, айлықты, ақшаны көптеп-көптеп алған бизнес болып кетті.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, былтырдан
бері білім саласында 85 қылмыстық іс тіркелген. Бюджетке
келтірілген залал көлемі – 4,5 млрд теңге. Тағы бір кейс - Батыс Қазақстан
индустриалдық колледжінің директоры құрған схема.
Қозы
Көрпеш Жасарал, тілші:
Колледж директоры оқу процесіне мүлде қатысы жоқ 54 адамды студент ретінде тіркеген. Сөйтіп олардың атына арнайы банктік есепшот ашқан. Студенттерге жалған бағалар қойылып, табельдері тұрақты түрде толтырылып тұрған. Құжатта бар, оқуда жоқ адамдарға шәкіртақы тағайындалған. Тіпті, кейбіріне көтермелеп берілген. Әрі қарай колледж директоры түсіп жатқан қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған. Осылайша ол 49 млн теңгені қалтаға басқан.
Қазір елде 763 колледж бар.
Оның 435-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік. Студенттердің жалпы саны - 556
мың. Оның 392 мыңы грантта оқиды. Стипендия көлемі 41 мың мен 43 мың теңге
аралығында. Оқу орнын қаржыландыру мен гранттарды бөлу жергілікті атқарушы
органға жүктелген. Заңгерлер дәл осы тұста күмәнді схемалар бар дейді.
Бауыржан
Мақұлбаев, «Қазақстан заңгерлегінің одағы» РҚБ-нің Алматы қалалық
филиалының басшысы:
Бір колледж дейік, білім беру саласында лицензия алатын болса, мемлекеттік тапсырыс алуға тырысады. Колледж мемлекеттен алып жатыр ғой ақша. Оған оқиын деген адамның сапасы немесе сабақта болғаны керек емес.
Айгүл
Орынбек, заңгер:
Грант қалай беріледі? Әкімнің қаулысымен.Алайда, бөлініп жатқан шәкіртақы мен гранттар желініп кетіп жатыр. Оның барлығы балалар үшін ғой. Грант алып отырғандардың барлығын тексеру керек мемлекеттен.
Себебі, бюджет «сауын сиыр» емес. Сондықтан мүдделі
мемлекеттік органдар қадағалау тетігін күшейтпек. Осы арқылы министрлік қаржы
жымқыру жолына айналған «өлі жандарды» тіркеу, стипендия тағайындау мен жалған
құжаттарды пайдалануды тоқтатпақ.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту
вице-министрі:
Оқу-ағарту министрлігі мен қаржы министрлігі бірлесіп, «Е-қазына» порталы арқылы білім саласын цифрландыру тетіктері жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік қазынашылық арқылы цифрландыру бақылау жасалынатын болады.
Жалпы жаны жоқ демесең, көшет те бала сияқты. Көп күтім
керек. Ал елге көшеттің егілген есебі емес, көктегені керек. Сарапшылар «соңғы
кезде өңірлер сан қуалап кеткен сияқты»дейді.
Осы жағдайға байланысты жауаптыларға сұрау салдық.
Айтуларынша, мердігер мекеме кеткен кемшілікті қалыпқа келтіріп бермек.
Мақсат
Асхатов, қалалық Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
Қазіргі уақытта акт жасалды. Мердігер ұйым грантиялық шарттар бойынша отырғызған ағаштарын қайтадан орнына орнатып жатыр.
Былтыр «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 2 млн
800 мың түп ағаш отырғызылған. Оның шығымдылығына жергілікті атқарушы органдар
жауапты. Бірақ эколог Лаура Мәлікова бұл салада бақылаудың аз екенін айтады.
Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар
қауымдастығының төрайымы:
Жалпы өңірдің климаттық жағдайын ескеру керек. Бас салып барып, бір жерден ағаштың түрін сатып алып, пәленбай мыңға. Ол ертең өліп қалса, ол әрине, бюжетке түсіп жатқан шығын. Сондықтан экология министрлігі тарапынан инструкциялық құжат болу керек. Қазіргі уақытта жүйелі жұмыс жоқ. Жемқорлық болуы мүмкін.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Иә, ақша жейтіндердің түрлі амалға баратынын аңғардық. 1,8 миллиард теңгеге 800 мыңдай ер кісі гинекологиялық скринингтен, 619 жігіт маммографиялық тексеруден «өткенін» естідік. Сорақысы сол, қайтыс болған адамның емделгенін білдік… Ал шын мәнінде, өлгендер қайтып келмейді, ер адамда жатыр мойны болмайды. Бірақ құйтырқы қаржылық схемаларға сүйенсек, мүмкін емес нәрсе жоқ екен...
Әңгіме Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жайында.
Қор биылдан бастап Қаржы министрлігіне өтті. Жетекшісі жаңарды. Гүлмира
Сәбденбек «осымен ойын бітті» деп отыр. Айтуынша, Qalqan платформасын іске
қосып жатыр. Жаңа жүйе арқылы азаматтар қаржының қандай қызметке төленіп
жатқанын көре алады. Жалған жазбаларға жол бермейтін көрінеді.
Гаухар Жанайдарова, ӘМСҚ Цифрлық даму
орталығы басшысының орынбасары:
Азаматтар өздерінің алған медициналық қызметтерін QR арқылы растайды. Азаматтар өздерінің өтініштерін жедел түрде жіберіп, артық немесе қате төлеген жарналарын мобильді қосымша арқылы қайтарып ала алады.
Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Қазақфильм киностудиясы сексенінші жылдары жарыққа шығарған «Долана» деген фильм бар. Нұржұман Ықтымбаев, Есболған Жайсаңбаев, Мейірман Нұрекеев сияқты мықты актерлар ойнайды. Заңсыздықты әшкерлейтін ревизор туралы фильм. Сонда «менің ойымша Долана деген мың сом» дейді бір кейіпкер. Ойлары пара беру. Дегенмен кинодағы ревизор адал адам. Ал қазір шартты түрде «Долана» деп белгі беретін, ол долананы тауып беретін, «долананың» арқасында қазына қаржысын беті бүлк етпей жейтін оқиға молынан. Коррупциялық әрекет жасауға мүмкіндік бермейтін инструменттің бірі - тіршіліктің цифрлық жүйеге көшуі. Және айнадай ашық тұруы. Ол система Долананы емдік қасиеті мол бағалы өсімдік деп ғана бағалайды.
Автор
Қозы-Көрпеш Жасаралұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Криптовалюта мен цифрлық теңгенің айырмашылығы неде?
17.05.2026, 20:16
Сатып алу, пара беру, оқып алу: Жүргізуші куәлігіне қатысты заңсыздықтар қашан тыйылады?
17.05.2026, 20:06
LRT Астананың тағы қай аудандарына салынады?
17.05.2026, 20:05
Қазақстан мен Түркия «АНКА» дрондарын бірге өндіреді
17.05.2026, 19:56
Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде қандай ұсыныстар айтылды?
17.05.2026, 19:55
Ардагерлер кеңесі 5 жылдық жоспарын бекітті
16.05.2026, 20:13
Зиянды шегірткелерді улауға дрондар қолданылады
16.05.2026, 20:12
Жыл бойы жұмыс істейтін тынығу лагері ашылды
16.05.2026, 20:10