Басты Жаңалықтар Жыл бойы жұмыс істейтін тынығу лагері ашылды

Жыл бойы жұмыс істейтін тынығу лагері ашылды

Қызылордада жаңа тынығу лагері ел игілігіне берілді. Жазғы демалыс қарсаңында ашылған оқу-сауықтыру орталығының ерекшелігі жыл бойы жұмыс істейді.

Соңғы жылдары өңірде жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, шығармашылық дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл жазғы демалыс алдында аймақ оқушылары үшін тамаша тарту болды. «AI-KERIM» лагері қаланың жасыл желекке оранған Президент саябағы аумағында орналасқан. Заманауи орталықтың жоба құны 10 млрд теңге.

Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:

Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы білім-инновация лицей интернаты, музыкалық колледж пайдалануға берілді. Оқушылар сарайы, «Сыр жұлдыздары» академиясы салынды.

Жаңа оқу-сауықтыру орталығы бірнеше корпустан тұрады. Ең соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Мұнда 300 орындық 4 жатақхана ғимараты бар. Сондай-ақ спорт зал, үлкен бассейн, басқа да ойын-сауық алаңдары қаралған. Заманауи лагерь алғашқы оқушыларды маусым айынан бастап қабылдайтын болады.    

Мұрат Бақтиярұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Соңғы үлгідегі оқу кабинеттері, соңғы үлгідегі балалардың өндірістік бағытта пайдаланатын құрал-жабдықтары бар. Сондықтан бұл біздің балаларымыздың бірінші кезекте тәрбие алуына, екінші кезекте белгілі бір кәсіпке баулуына бүкіл жағдай жасалды.

Райкүл Байназарова, Білім саласының ардагері:

Әрине, біздің ертеңгі күннің болашағы - балалар. Балдар үшін мемлекетте барлық жағдай жасалып жатыр. Бүгін мінекей, салынған балалардың сауықтыру орталығында көпшілік, ата-ана, бала болсын, бәріміз ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үлкен рақметімізді білдіреміз.

Оқу-сауықтыру орталығы жазғы мезгілде тынығу лагері қызметін атқарады. Ал басқа уақытта облыстың озат оқушылары осы жерде білімін жетілдіріп, түрлі пәндік олимпиадаларға дайындалады.

Бөлісу