Басты Жаңалықтар LRT Астананың тағы қай аудандарына салынады?

LRT Астананың тағы қай аудандарына салынады?

«Ашылды-ау!» дейтін күн. Астана LRT желісі кеше іске қосылды. Кезінде танымал әзілкеш: «Бағандар босқа тұра ма, бабаларымыздың ескерткіштерін қояйық», – деп ащы күлкі туғызған желі бұл.
Дегенмен адамдардың игілігіне айналғаны жойқын ашуды басады. Бұл осындай транспорт құралының қарлығашы болуы керек! Ірі қалаларда жүйткитін және оларды жақын маңдағы мекендермен байланыстыратын ең ыңғайлы көлік – осындай жеңіл рельсті пойыздар. Ал тұрғындар саны артқан сайын қозғалыс проблемасы ушыға береді.
2026 жыл. 16 мамыр. Астана үшін тарихи дата. LRT қосылды.
Елдос Есенбол, тілші:
LRT-ның 18 бекеті бар. Пойызға отыру үшін кез-келгенінен бір реттік билет алу керек. Ал тұрақты жүремін дегендер арнайы картасын алады немесе кез-келген банк картасымен төлеуге болады.
Жол жүру құны 200 теңге. LRT таңғы сағат 6-дан түнгі сағат 11-ге жүреді. Пойыздың жүргізушісі болмайды. Бәрін осы жердегі мамандар бақылап отырады.
Бағдат Үсейін, диспетчер:
Камерамен қарап отырамын. Жолаушылардың жалпы қауіпсіздігін қадағалап отырамын. Ішіндегі ауасын, вентиляциясын ыстықты, суықты соларды қосып бақылап отырамын.
Вагондардың қысы-жазы тоқтамауы үшін 110 адам еңбек етеді. Пойыздар әр 5-6 минут сайын жүріп отырады. 15 жыл күткен қала үшін бұл қас-қағым сәт.
Айдар Надырбеков, оператор:
Есіктер жабылатын ескерту дабыл қағылады. Сол ескерту дыбысынан кейін есіктер жабылады. Сол уақытқа дейін ішке кіріп үлгеру керек.
Астана халқы бұл күнді думанға айналдырды.
Марат Мәліков, оператор:
Отыратын орындар 142 адам отырады. Бірақ тұратын орындармен бірге 628 адам. Бір квадрат метрге 6 адам.
Отырғаны да, тұрғаны да, мына балақай секілді жатқаны болды. Кейбіреуі вагонның тұмсығынан «Tik-tok»-тың тікелей эфиріне шығып әлек...
Жайлы тыныш қана жүйіткейтін вагондарды бәрі дерлік бас бармақпен бағалады.
Біреулер осы көлікке отыру үшін қалаға арнайы келген.
Енді біреулер сынық себеп табылса бағаны күрт көтеретін такси қызметімен қош айтыспақ.
Тағы бірі LRT үш ін темір тұлпарын тұсаулай салуға дайын.
Су жаңа LRT шабыт сыйлады ма, өлеңдете сөйлеген кісілер де болды.
Елдос Есенбол, тілші:
Астананың әуежайынан «Нұрлы жол» вокзалына дейін жүрдек пойыз 40 минут жүреді екен. Ендеше жол қысқартып елдің ертеңіне емес, ертегіге айналып кете жаздаған жеңіл рельсті көліктің тарихына көз жүгіртсек...
«27 стансалық жаңа қоғамдық көлік саламыз» деген талпыныс сонау 2011 жылы басталған. 2014 жылы «Астана LRT» компаниясы құрылып, 2016 жылы тас бағандар көтеріліп жұмыс басталған.  Сөзден іске көшкеніне халық қуанып қалған...
Бірақ көп ұзамай сол бағандар қуаныш емес, күйікке айналды. LRT-ға деген миллиардтардың жалған компаниялар арқылы шет ел асқаны белгілі болды. Кейін «Астана LRT» компаниясының төрағасы Талғат Ардан мен сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков ізім-ғайым жоғалды. Тек былтыр ғана Арданның Түркияда ұсталғаны жарияланды.  Бірақ әлі елге қайтарылмады.
Елде қалған 7 адамға үкім шықты. Мемлекетке келген шығын 5,8 миллиард теңге деп бағалады Астананың соты. Ал құрылыс мүлде тоқтап қалғанда қаланың көркін бұзған тас бағандарды мүлде бұзып тастауды ұсынғандар да болды. Сол «Жемқорлық ескерткішінің» түбінде жаратқанға жалбарынып құрбандыққа қой шалған сәтті қалай ұмытамыз...
Асылбек Дүйсебаев, «Сity transportation systems» ЖШС Басқарма төрағасы:

Жобаның құны 2016 жылы бекітілді. 1,8 миллиард АҚШ долларын құрайды. Осы уақытқа дейін бұл сомма өзгерген жоқ.

Гүлмира Байғабылова, урбанист:
Жалпы қала тұрғындары үшін тең мүмкіндіктер болуы керек. Яғни адамдардың бәріне бірдей «жеке көліктеріңді тастаңдар, тек қана қоғамдық көлікпен жүріңдер» дей алмайсыз. Олар автобуспен де, метромен де, LRT-мен де, өз автокөлігімен де, жаяу да еркін жүре беретіндей жағдай жасау керек.
Сондықтан «мұндай қоғамдық көліктердің игілігін көру үшін жүйелі жұмыс істелуі керек» дейді мамандар. Урбанистердің айтуынша «әрі қарай эстакада емес тек жер үстімен ғана жүретін трамвай қылып жалғастыруға да болады». Бетон тіректерсіз шығыны да аз болуы керек.
Қаланың бір басынан екінші басына дейін LRT салып «көлік кептелісін азайтамыз» деуге болмайды. Жаңа қаланы ескі бөлігімен қосып,  қаланы тұтас қамтуы керек. Сақина секілді бір-біріне жалғасып жатуы қажет. Сонда азаматтардың жеке автокөлікке деген сұранысы азаюы мүмкін.
Жоспар бойынша енді LRT Қосшы қаласына қарай тартылуы керек. Сосын «Жағалау» шағын ауданына және Тұран, Сарыарқа көшелері арқылы Астананың көне вокзалына дейін жаңа тармақтар салынады» деген жоспар бар.
Елдос Есенбол, тілші:
Астананың Қалдаяқов көшесіндегі осы бір жер LRT жүріп бастағалы көпшілік жиналатын орынға айналды. Себебі осы маңнан кинодағыдай көрініс ашылады. Әлеуметтік желіге салатын әдемі фото, видеолар түсіріп алуға болады. Бұл – LRTқаланың көркіне көрік қосты деген сөз. Әдемі! Енді мамандар айтқандай осы жобаны ары қарай дамытып адамдардың жүріп-тұруын ыңғайлы етсе тіпті әдемі болар еді...

Бөлісу