Басты Жаңалықтар Криптовалюта мен цифрлық теңгенің айырмашылығы неде?

Криптовалюта мен цифрлық теңгенің айырмашылығы неде?

1 мамырдан бастап цифрлық активтер нарығын реттеу күшіне енді. Мысалы, крипто-айырбастау пункттері мен криптобиржалар бақылауға алынады. Цифрлық активтер қызметін көрсететін провайдерлер тек лицензиямен немесе Ұлттық Банкте тіркелгеннен кейін ғана жұмыс істей алады. Цифрлық қаржы активтері жеке инвестициялық құрал ретінде құқықтық алаңға енді.

Бұл көпшілікке аса таныс емес тақырыпты неге таңдадық? Басты себебі – коррупцияны ауыздықтауға септесетін қыры бар.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бүгінде «ақша»деген ұғым да өзгеріп барады. Бұрын ол қолмен ұстайтын купюра еді, қазір банк шоттарында сақтап жүрміз. Енді цифрлық ақша, токен, стейблкоин деген терминдер шықты.
Бірақ көп адам олардың айырмасын түсіне бермейді. Сондықтан бірден айтайық, цифрлық теңге дегеніміз криптовалюта емес. Ол соған ұқсас блокчейн технологиясымен жасалатын кәдімгі теңгенің интернеттегі баламасы. Яғни, ол «стейблкойн». Қарапайым айтсақ, «стейбл» деген «тұрақты» деген сөз. Ал вitcoin сияқты танымал криптовалюталарды ешқандай мемлекет немесе орталық басқармайды. Бағасы сұранысқа байланысты өзгереді. Яғни, тұрақтылығына кепілдік жоқ. Ал цифрлық теңгені Ұлттық банк шығарады және ешқашан құнын жоғалтпайтынына мемлекет кепілдік береді.

Қайрат Мәулен, ҚҰБ Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің бас маманы:

Арнайы цифрлық теңге платформасы болады. Оның операторы Ұлттық банк болып табылады. Ал қызметтерді соңғы тұтынушыларға екінші деңгейдегі банктер ұсынатын болады. Екінші деңгейлі банктер бірінші өзінің жаңағы сервистарын, өздерінің ақпараттық жүйелерін толықтай дайындауы керек.

Яғни, цифрлық теңгені халық жаппай қолдануы үшін алдымен банктер жұмыс істеп үйренуі керек. Ал қазір цифрлық ақша мемлекеттік сатып алу саласында қолданылып жатыр. Мамандар ақшаның бұл түрі жемқорлықтың алдын алуға тиімді дейді. Өйткені әр теңге таңбаланады.

Қайрат Мәулен, ҚҰБ Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің бас маманы:

Таңбалау дегеніміз - ол қаражатты пайдалану ережелерін құру. Яғни, егер ол мектеп салуға деп төленген болса бөлінген қаражат болса ол цифрлық теңгемен жүзеге асыру барысында ол тек мектеп соғу аясында ғана жұмсалуға ғана жатады.

Яғни, мына затты алуға болады, мына затты алуға болмайды деп бағдарлап қояды. Сондай-ақ ақша қайда түсті, ортада қанша делдал болды, бәрін көруге мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінге дейін 339 млрд цифрлық теңге шығарылған. Онымен жүзеге асырылған танымал жобалардың бірі «Достық-Мойынты», «Талдықорған-Үшарал»жолдарының учаскелерін салу. Сол кезде ақша мақсатты жұмсалған. Енді субсидия, фермерлерге несие беру, темір жол, газ құбырларын салу бойынша басқа жобалар да іске асып жатыр. Айтпақшы, кейін жеке азаматтар да ақшасын солай мақсатты жұмсауына болады. Мысалы, балаңыздың шотына ақша салып оны тек тамаққа жұмсауға бағдарлап қойсаңыз, балаңыз оған ойыншық сатып ала алмайды. Мұндай тапсырмаларды токендердің ішіне енгізесіз. Ал токен дегеніміздің өзі кең ұғым. Ол бір жағынан белгілі бір платформаның ішкі цифрлық құралы. Екінші жағынан, белгілі бір активтің цифрлық куәлігі. Мысалы былай...

Арлен Молдабеков, ҚҰБ Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің басқарма басшысы:

Қарапайым мысал, алтын бағасы әрдайым жоғарылап отыр қазіргі таңда. Оны біржола сатып алатын болсаң 100 граммның бағасы біршама қымбат. Сондықтан цифрлық платформаларда 100 кг алтын бар делік. 100 кг алтынға мыңдаған токен шығарады. Әр токен мысалы 1 грамм алтынға куәландыратын болады. Жаңағы банк өзінің бөлімшелерінде алтынды сақтап оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал жаңағы токендер болса әр алтынның 1 граммына тең бағамен сатылады да жаңағы сатып алған инвестор болашақта алтынның бағасының өзгерісіне байланысты ол токенді сатқаннан табыс табуға мүмкіншілік алады.

Алтын секілді бизнес орталықтарының да әр шаршы метрін токендеуге болады. Ал әр токеннің иесі инвестор саналады. Осы тұста «смарт-келісімшарт» ұғымы пайда болады. Яғни, токендер арқылы автоматты келісімдер жасалып, әр инвестордың табысы есептеліп отырады.

Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:

Әрбір токендер бір біріне қосылып, смарт-келісішарттар жасалады. Бірақ ол тізбек бәріне көрініп отырады немесе сол цифрлы теңгені шығарған Ұлттық банк барлығын көріп отырады. Қандай смарт-келісімшарттар жасалды. Одан кейін ары қарай тізбек қайда кетті деген.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Тағы да нақтылайық, цифрлық теңге мен криптовалюта екі бөлек нәрсе. Цифрлық теңге қалай қолданылатынын айттық, енді криптовалютаға келсек. Оны азаматтар қазір де қолданып жүр. Бірақ бүгінге дейін нарықтың көлеңкелі тұсы көп болды. Көп адам шетелдік платформаларды пайдаланды, криптоайырбастау сайттары бақылаусыз жұмыс істеді. Заңсыз фирмалар майнинг өндірді. Енді мемлекет саланы заңдастырып, лицензия беру арқылы бақылауға көшіп жатыр.

Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:

Криптонарықты тек алып-сату емес, транзакция жасау емес, сонымен қатар өндіру, майнинг, осыны да біз заңдастырдық. Криптовалюта мен цифрлық теңгенің негізгі айырмашылығы адамдар майнинг жасауды өндіре алады. Цифрлық теңгені ешкім өндіре алмайды оны тек Ұлттық банк шығарады болды.

Жалпы криптовалюта нарығы тартымды. Өйткені ол тез табыс табу құралы саналады. Мысалы, басында Bitcoin арзан еді, кейін 100 мың долларға дейін қымбаттады. Екіншіден, криптонарық тәулік бойы жұмыс істейді. Биржа сияқты белгілі бір уақытта емес. Сондай-ақ криптовалютамен әлемнің кез келген жеріне ақша жіберу тез. Кей адамдар үшін ол халықаралық шектеулерді айналып өту құралы. Бірақ бұл сонысымен алаяқтарға да тиімді және заңсыз табысын сыртқа шығарғысы келгендерге.

Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:

Теңгені криптовалютаға айырбастап оны сыртқа лицензияланбаған биржалар арқылы сыртқа алып кетуге мүмкіндіктер болды. Қазір осы жабылады енді. Енді жалпы кез келген криптовалютаға айналдыру үшін ол верификациядан өтуі керек. Оны кім істеп жатыр, қалай істеп жатыр?

Қазақстанның криптонарықты бақылап, өзінің цифрлық теңгесін шығарудағы бір мақсаты әлемнің көптеген елдері цифрлық ақшаға ауысып жатыр. Мысалы, Қытайда бұл сонау 2014 жылы басталып кеткен. Ал, биыл цифрлық июаньды депозит ретінде сақтауға мүмкіндік жасалды.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Сарапшылардың сөзінше, болашақта инвесторлар да халықаралық келісімшарттарды көбіне блокчейн арқылы жүргізуге көшуі мүмкін. Өйткені, бұл процессті жылдамдатады әрі барынша ашық. Ал жемқорлықты ауыздықтауға септесетінін ескерсек, бізге аса қажет инструмент.


Бөлісу