Сатып алу, пара беру, оқып алу: Жүргізуші куәлігіне қатысты заңсыздықтар қашан тыйылады?
Өткен сенбіде Көкшетауда болған жантүршігерлік жол апатынан кейінгі сұрақтар: адам басып өлтірген жүргізушінің көлік жүргізуге құқық беретін куәлігі болмаған... Қалай? Қалай куәлігің болмаса да, рульге отырасың? Бірақ не жасыратыны бар, бізде жүргізуші куәлігі жол ережесін толық білесің дегенді білдірмейді. Себебі жүргізуші куәлігі сатылатынын кім білмейді? Ал көлік жүргізуді үйрететін автомектеп нарығы адал жұмыс істей ме? Әлде мен күлкі келтіретін сөз айтып тұрмын ба?
Осы аптада тұрғын үй ауласындағы мына апат көптің жүрегін сыздатты. Марқұм сол күні жақындарының қуанышына асығып бара жатқан. Бірақ жете алмады. Автокөлік 52 жастағы әйелді жаншып өтті. Жалғызбасты әйелдің артында 12 жастағы ұлы қалды. Сөйтсе рөлде отырған әйелдің көлік жүргізу куәлігі мүлдем болмаған.
Әлия Билялова, Ақмола облысы ПД Ақпараттық саясат бөлімінің жетекші маманы:
11 мамырда Көкшетау қаласының мамандандырылған соты күдіктіге қатысты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпас шарасын тағайындады.
Жантүршігерлік апатқа қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Енді құжаты жоқ әйеліне көлік жүргізуге рұқсат бергені үшін күйеуі де жауапкершілікке тартылып, кемі бес жылға дейін сотталуы мүмкін.
Еркебұлан Құлбасов, автосарапшы:
Бізде жүргізуші куәлігінсіз автокөлікті басқарғаны үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 612-бабымен ғана жазаланады. Ол жерде 20 күнге дейін қамақ қана қарастырылған. Қалған уақыттың бәрін де айыппұл. Оның әкімшіліктен қылмыстық жазаға алмастыру керек.
Сонда құжатсыз көлік басқарып, кісі өлтіргеннің жазасы қалай?
Рауан Қалиев, заңгер:
Ол кісіні тексереді, қандай халде болды, алкоголь қабылдады ма жоқ па соның бәрі қаралады. Әйелі жазадан құтылмайды.
Мамандар, соңғы жылдары жол апаттарының саны жыл сайын 15 пайызға артып жатқанын айтады. Былтырдың өзінде 2335 адам жол үстінде ажал құшты, оның 285-і бала. Көлік зулаған күрежолдарды былай қойғанда, тұрғын-үй үйлердің алаңы аса қауіпті аймаққа айналды.
Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Адамды, баланы таптап кетіп жатыр. Тежегіш пен газды ажырата алмады деп адамдар ажал құшу керек пе? Әркім 250-300 мың ақша төлеп жүргізуші куәлігін алып жүрді. Жасырын емес қой бәрі сатылып жатыр өкінішке қарай.
Көлік жүргізу куәлігін сатып алу сондай оп-оңай ма? Әлеуметтік желі арқылы тапқан бір нөмірге хабарласып көрдік.
Түркістандық азаматпен осы айдың аяғында кездесетін болдық. Ал телеграмм арқылы байланысқан мына азамат 2 күнде дайындап береміз деп отыр. Бағасы жаңағыдан сәл арзандау екен. 175 000 теңге.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Мінекей, бір емес екі адамға хабарласып, көлік жүргізу куәлігінің әлі де заңсыз сатылатынына көз жеткіздік. Сонда көшеде жүрген мына көліктегілердің қаншасы сатып алды, қаншасы оқып алды. Ол жағы жұмбақ. Айтпақшы оқып алғандардың да қарық қып жатқаны шамалы.
Ербол Махамбет – көлік айдауды үйрететін автонұсқаушы. Тәжірибелі маман адамдардың есейгенше қарапайым ережелерді білмейтінін айтады..
Ербол Махамбетұлы, автонұсқаушы:
Жасы 20-ға толған қыз баласы, қолында жүргізуші куәлігі бар. Енді мен куәлікті қалай алдың деп сұраған жоқпын. Қызыл бағдаршам жанып тұр алдымызда, ол кісі кетіп бара жатыр. Мен тежеуішті басып тоқтатамын. Дұрыс қой, жасылға адамдар жүреді, қызылға көліктер жүреді деп айтады.
Еркебұлан Құлбасов, автосарапшы:
Автомектерге көбісіне барсақ, кешкі сағат 18:00 бен 20:00 арасында группада адам болмайды. Қазіргі таңда оны ХҚКО-ға беріп тастады. Ол жерде емтихан қабылдайтын адамдардың көбінің жүргізуші куәлігі жоқ.
Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
2016 жылы жаппай барлық мектептерді нарыққа бердік. Не болды? Техникалық базалары жоқ. Автокөліктері жоқ. Аулалары жоқ, тиісті мамандары жоқ.
Арай Төлегенқызы, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
Мысалы, бір бөлмені алады да жалға сол автомектеп болады.
Яғни, елдегі 727 автомектеп осы уақытқа дейін білгенін істеп келді. Жұмысы қадағаланбады. Мониторинг жүргізілмеді. Тіпті бәзбіреулердің табысты бизнесіне айналып кеткен бе дерсің.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Автомектепке төлейтін ақшаңыз өз алдына одан бөлек тағы да 8 жарым мың теңге төлейсіз. Жылына 670 мың адам оқиды автомектептерді әрқайсысына жиналған 8 жарым мың теңге, 5,6 млрд теңге. Бұл ақша бюджетке түспейді. Бұл ақша ІІМ-ге түспейді. Бұл шетелде тұратын бір азаматтың қалтасына кетіп жатқан ақша.
Сонда ІІМ, Бас прокуратура қайда қарап отыр?
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Сіз айтып жатқан фактіні бірге қарастырайық, бірге жұмыс тобын құрайық, рейд ұйымдастырайық деді. Жақын күндері бастаймыз.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Жүргізуші куәлігін сату схемасына құжатты беретін ұйымның да қатысы бар. Мысалы, биылдың өзінде Астана, Ақмола, Павлодар облыстарында халыққа қызмет көрсету орталықтары автомектептермен сыбайласып, жүргізу куәлігін заңсыз рәсімдеп, пара алған, одан бөлек емтиханды бөгде адамдар тапсырған. Осындай 60-тан астам құжат анықталып, заңсыз айналым 100 млн-нан асқан. Айтпақшы, сол курсанттардан емтихан алып,куәлік беруге жауапты «Азаматтарға арналған үкімет» яғни мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына хат жазып, біраз сауал жолдаған ек, жауап беруден бас тартты.
Қазір осы автомектептердің жұмысын қадағалауды күшейтетін заң жобасы мәжілісте қаралып жатыр. Бұрын автомектептер «біз ашылдық» деп тек хабарлама жіберсе, енді талапқа сай ма жоқ па алдымен тексеріледі. Мемлекеттік реестр құрылып, барлығы базаға тіркелуі тиіс. Саланы цифрландыру арқылы курсанттардың сабаққа қатысуы қадағаланады.
Арай Төлегенқызы, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
Мемлекеттік бақылауды қайтару тетігі қарастырылып жатыр. Болашақта оқу ұйымына қажетті жабдықтармен жабдықталған болу керек. Материалдық техникалық базасы яғни транспорт көлікқұралы болу керек.
Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Апаттық жағдай орны алса, сол жүргізушінің қай автомектепте білім алғаны тіркеледі. Сол арқылы рейтинг жасалады жыл сайын. Қай мектептің шәкірттері көп апат жасады, солардың лицензиялары татып алынып, жұмыс істеу құқығынан айрылады.
Автомектеппен қоса, жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтіп, талаптарды қатаңдата беру қажет. Әйтпесе адам өлімі азаяр емес.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Куәлікті сатып алу, пара беріп алу, өзіңді алдап «оқып алу», автомектептер мен жауапты ұйымдардың сыбайластығы. Мінекей осындай системаның салдарынан бейкүнә жандар жол үстінде өліп жатыр. Рөл сенікі болғанмен, жол сенікі емес. Ал қате деген қас-қағым сәтте… Иә, ешкім әдейі істемейді. Бірақ біреудің де, өзіңнің де отбасыңа трагедия әкеліп, өмір-бақи өкінгенше, Сана сергектігі сенің ішіңде жанып тұруы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы