Басты Жаңалықтар Бүгін Астанада LRT іске қосылды

Бүгін Астанада LRT іске қосылды

Бүгін Мемлекет басшысы LRT жұмысын іске қосты. Салтанатты шара кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы қоғамдық көлікке, соның ішінде LRT жүйесіне мониторинг жүргізіп, жұмысын реттейтін Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты.



Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT жүйесін іске қосу аясында жеңіл рельсті көліктің арнаулы диспетчерлік қызметі жасақталған.
Қаладағы қоғамдық көлікке мониторинг жүргізу және оның қызметін реттеумен 21 маман айналысады.
LRT жүйесінің әр құрамы 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желі арқылы 15 құрам жүргізушісіз жүреді (4 құрам резервте).
Басқару, жылдамдықты арттыру және тежеу, есікті ашу үдерістері, сондай-ақ төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер толығымен автоматтандырылған. Қосымша бақылау үшін қолмен басқару және диспетчермен байланысқа шығу мүмкіндігі қарастырылған.


LRT инфрақұрылымында 18 станция мен заманауи депо бар. Бағыт бойынша жолдың ұзақтығы шамамен 40 минутты құрайды. Құрамдар сағатына 50-60 шақырым орташа жылдамдықпен 5-6 минут сайын жүреді.

Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көліктің пайдалануға берілуі Астана мен еліміз үшін ерекше маңызды оқиға екенін атап өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев елорда келешекте Еуразияның көлік хабына айналуға тиіс екенін айтты.



Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 001 сериялы карта берілді.
Мемлекет басшысы LRT жүйесінің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүрді.


Қоғамдық көлікті одан әрі дамыту мақсатында LRT жобасының екінші кезегі іске асырыла бастады
Атап айтқанда, «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» шағын ауданы, Қосшы қаласы бағыты бойынша жаңа желінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. 20 станциядан тұратын екінші кезеңнің жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайды.





Бөлісу