Трамптың Бейжіңге сапары аяқталды
Осыдан бірнеше сағат бұрын Беңжіңде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин арасындағы саммит аяқталды. Құрама Штаттар жетекшісі қандай да бір үлкен келісім жасай алмай, Вашингтонға аттанды. Айта кетсек, Трамп Қытайдың ықпалымен Иранды Ормұз бұғазын қайта ашуға көндіруге үміттенген еді. Ол мақсат орындалмады. Сонымен қатар екі ел өзге де бірқатар мәселе бойынша мәмілеге келе алмады.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин саммитті қорытындылау үшін бүгін америкалық әріптесін өзінің Чжуннаньхай резиденциясында қошеметпен қарсы алды. Содан кейін әлемнің екі экономикалық алпауытының жетекшілері көне ағаштары жайқалған бақта серуендеп, көмекшілері мен аудармашыларының жәрдемімен үш сағаттық келіссөзді бастады. Президент Дональд Трамп айтқандай, саммит ойдағыдай өткен.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Бұл – ғажап сапар болды. Меніңше, ол көп жақсылық әкелді. Бірнеше тамаша сауда келісімін жасадық. Олар екі жаққа тиімді. Сонымен қатар, өзгелер еңсере алмаған көптеген проблеманы шештік, қатынастарымыз берік деп айта аламын.
Саммит барысында Трамп Халықтық Республика басшысын қайта-қайта мақтаса да, Иран соғысын тоқтату проблемасында Бейжіңнен аса қолдау таппады. Дәлірек айтсақ, Си Цзиньпин Таяу Шығыста Америкаға қарсы күшке айналған дипломатиялық және экономикалық серіктесі Тегеранға қысым жасауға ниет байқатпады. Ал Тайвань бойынша Қытай басшысы Трампқа қатаң ескертуді ашық жасады. Оның мәлімдеуінше, егер АҚШ пен Қытай бұл мәселеде абай болмаса, тіпті қақтығысып қалуы мүмкін.
Ван Хун-Цзэнь, Чэн Кун университетінің саясаттану профессоры:
Си Цзиньпиннің Тайваньға байланысты ескертуіне қарап, оның бар жауапкершілікті Құрама Штаттардың мойнына артып отырғанын байқағандаймын. Демек, оның ойынша АҚШ пен Қытай ынтымақтасқысы келсе, Вашингтон Тайваньға қолдау көрсетуді доғарып, оның тәуелсіздікке ұмтылысын жақтамауы керек.
Америкалық шенеуніктердің сөзінше, екі жақ ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізген. Бірақ бұл турасында ақпарат мардымсыз. Сонымен қатар Қытайға чип сату мәселесінде де айқын нәтиже көрінбеді. Дегенмен Трамптың сөзінше, Қытай «Боинг» компаниясының 200 ұшағына тапсырыс беруге келіскен.
Осылайша Ақ үйдің қожайыны Бейжіңде мақсатына жете алмай, бірер сағат бұрын Вашингтонға ұшып кетті. Бірақ бақылаушылардың ойынша, тараптар үлкен құжаттарға қол қоймаса да, былтырғы сауда соғысынан кейінгі қатынастарын тұрақтандырған тәрізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы