Туризмді түлеткен жобалар
Алматы облысында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа 8 зауыт ашылады. Осылайша өңірде қоқыс жиналып қана қоймай, қайта өңделіп кәдеге жаратылады. Құны 148 миллиард теңге болатын ірі жобаға инвесторлар да тартылған. Жалпы, облыста тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған сенбіліктерге 300 мыңнан астам тұрғын белсенді қатысқан. Нәтижесінде өңір аумағынан 7 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Алматы облысы – табиғаты көркем, туризм әлеуеті жоғары аймақтың бірі. Былтыр өңірге 1 млн 800 мыңнан астам саяхатшы келген. Оның 150 мыңға жуығы – шетелдіктер. «Таза Қазақстан» акциясы аясында туристік аймақтар да үнемі тазартылады. Олардың қатарында Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалы, Қапшағай жағалауы секілді туристер арасында танымал жерлер бар.
Қуанышбек Мирамбекұлы, облыстық Туризм басқармасының басшысы:
50-ден аса орында Алматы облысының сенбілік ұйымдастырдық. Үш күннің ішінде 760 тонна қоқыс шығарып, 10 мыңнан аса көшет отырғыздық.
Өңірде табиғаттың тұмса келбетін, мұнтаздай тазалығын сақтау бағыты да қолға алынған. Мәселен, осы жұмыстарды қадағалау үшін 30 мобильдік топ құрылған. Жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзған 10 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген. Ережені елемегендерге 10 млн теңгеден аса айыппұл салынған.
Рахым Толоқұлов, облыстық Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі:
Штраф қана салынбайды. 40 сағатқа соттың шешімімен жұмыс атқаруға жіберіледі. Бүгінгі күнге деректеріміз азайып келе жатыр. Өйткені халыққа жетіп, түсіндіріп, жұмыстың науқанды атқарылып жатқанынан шығар деп ойлаймыз.
Биыл облыста бірнеше ірі экопарк жобасы іске асырылады. Оның аясында мыңдаған түп ағаш отырғызу көзделген.
Димаш Қожабеков, облыстық ТҮКШ және абаттандыру басқармасының басшысы:
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында инвесторларды тарту өте қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу бойынша 8 ірі жобамыз бар. Құны 49 млрд долларды құрайды.
Өңірге саяхаттайтын туристер үшін көрікті табиғатпен қатар, тазалық, қауіпсіздік және экологиялық мәдениет те аса маңызды. Сол себепті туризм мен қоршаған ортаны қорғау бағыттарын қатар дамыту, кешенді экологиялық жұмыстарды атқару – басты назарда дейді мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы