Басты Жаңалықтар Трамптың Бейжіңге сапары басталды

Трамптың Бейжіңге сапары басталды

Бірер сағат бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға көптен күткен тарихи сапары басталды. Екі супердержава лидерлері сауда, технология, Тайвань мәселелерімен бірге Таяу Шығыстағы соғысты тоқтату проблемасын да талқылауы мүмкін. Дегенмен кейбір сарапшылардың ойынша, тараптар қандайда бір үлкен келісім жасамаса да, былтырғы сауда соғысынан кейінгі ымыраны әрі қарай жалғастыруыға уағдаласуы ықтимал. 
АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңге барды. Бұл – оның 2017 жылдан бері Қытайға жасаған алғашқы сапары. Әлемнің ең ірі экономикалық державалары басшыларының келіссөздері мамырдың 14-15-не жоспарланып отыр.
Ақ үйдің мәліметінше, ертең Трамп Си Цзиньпинмен бірге Аспан храмын тамашалайды. Алып императорлық кешен Жабық қала тәрізді асқан сарайлық ұлылығымен ерекшеленбесе де, тарихи символикаға әлдеқайда бай: дәл осы жерде Қытай императорлары бір заманда өздерінің саяси заңдылығын бекіте түскен.
Ларс Урлик, Тарихшы және Beijing Postcards компаниясының негізін қалаушы:
Меніңше, Қытай лидері үшін бұл – ел тарихын, мемлекет өміршеңдігі мен оның күрделілігін көрсететін мінсіз фон. Мұнда Дональд Трамп пен бүкіл әлемге Қытайдың мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатқанын паш ететін мүмкіншілік бар деп ойлаймын. Тағы бір айта кететін жайт – дәл осы жерде императорлар ел басқаруға мандат алғаны белгілі.
Тарихтан екіжақты қатынастарға өтсек. АҚШ пен Қытай арасында түйіткілді мәселелер жеткілікті. Солардың бірі – сауда. Былтыр Трамп бұл бағытта жеңіліске ұшырап, қытайлық тауарларға жариялаған 145 пайыздық тарифтен бас тартуға мәжбүр болды. Өйтпеген жағдайда, Америка «айфон», электромобиль, ұшақ, әскери техника өндірісіне ауадай қажетті сирек металсыз қалар еді. Болжамдарға қарағанда, тараптар бұл жолы қандай да бір сауда келісімін жасауы мүмкін. Тағы бір проблема – Трамп Қытайға Nvidia компаниясының чиптерін сатуға тыйым салып отыр. Бұл шектеу әрі қарай жалғасатын болса, күндердің күнінде Қытай жасанды интеллектіге қажетті чиптерді өзі шығарып, бұл салада да Американың үлкен бәсекелесіне айналуы әбден мүмкін.
Дженсен Хуанг, Nvidia компаниясының бас директоры:
Қытай нарығы өте үлкен әрі қарқынды дамып жатыр. Мұнда жасанды интеллект технологиясымен айналысатын компаниялар көп. Олар бүкіл әлемге өнімдерін экспорттайды. Сол ЖИ модельдерді америкалық техногологияның көмегімен шығарып, қолдану АҚШ-пен бірге өзге елдер үшін де жақсы емес пе.
Вашингтон мен Бейжіңді дауластырып отырған тағы бір мәселе – Тайвань. Қытай бұл аралды өзінің бір бөлігі санайды. Қарсы жақ болса, дербес демократия екенін алға тартып келеді. Кейбір сарапшылардың ойынша, бұл бағытта АҚШ пен Қытай «өзара тежеу» саясатына көшуі ықтимал. Оған сәйкес, Құрама Штаттар Тайванды қаруландыруды қысқартады. Есесіне, Қытай арал маңында әскери жаттығу өткізуді азайтады. Дегенмен Трамп-Си саммитінде Тайвань мәселесінің шешілетініне күмән көп.
Алдағы кездесуде Иран да күн тәртібіне шығуы ықтимал. Қытай АҚШ пен Израильді Ислам Республикасына шабуыл жасағаны үшін ашық сынады. Дегенмен Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының пікірінше, Американың Таяу шығыстағы проблемасын Қытайдың шешуге мүдде танытуы екіталай.

Бөлісу