Астанада Түркістан суретшілерінің шығармашылық көрмесі ашылды
Астанадағы Ұлттық музейде Түркістан облысы суретшілерінің шығармашылық көрмесі ашылды. Тағылымды шара қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі Ғани Иляевтің 110 жылдығына арналды. Көрмеге өңір қылқалам шеберлерінің 150-ге жуық туындысы қойылған.
Көрмеге қойылған туындылардан ұлттық болмыс пен рухани сабақтастық анық аңғарылады. Қылқалам шеберлері туған жер табиғаты мен Қазығұрт тауына қатысты аңыз-әпсаналарды сурет тілі арқылы бейнелеуге басымдық берген. Ұйымдастырушылар мұндай мәдени бастамалар ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, өңірдің рухани келбетін танытуға мүмкіндік береді, дейді.
Сауытбек Әбдірахманов , мемлекет және қоғам қайраткері:
Халқымыздағы асыл дәстүрлердің біреуі асыл азаматтарын ардақтау. Осы тұрғыдан қарағанда Ғани Иляевтің 110 жылдығына осындай көңіл бөлуі, осы оқиғаны арнайы атап өтуі, елордаға суретшілердің көрмесіне әкелуі үлкен жол бөлу, жөн білу дегенді айтамыз.
Көрме Қазығұрт ауданы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Шара аясында әртүрлі жанрдағы туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Әр суретшінің өзіндік қолтаңбасы мен көркемдік көзқарасы айқын байқалады.
Мақсат Беркінбай, «Қазығұрт» ауданы әкімінің орынбасары:
Барша Қазақстан халқын осы көрмені көруге, тамашалауға шақырамыз. Бұл көрме Қазығұрт ауданында, яғни Түркістан облысында ішкі туризмді дамытуға үлкен үлесін қосады деп сенеміз.
Құралбек Қосуақов, Суретшілер одағының мүшесі:
Бұл жерде әр түрлі жанрда жазылғандар бар.Әр суретшінің талғамы әр түрлі, жазу мәнері де әртүрлі.
Елордалықтар Ұлттық музейде көрмені бір жарым ай бойы тамашалай алады.
Мақпал Жақыпбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы