Басты Жаңалықтар «Ясауитану» пәні үйірме ретінде енгізіледі

«Ясауитану» пәні үйірме ретінде енгізіледі

Түркістандағы мектептерде  биылдан бастап оқу бағдарламасына үйірме ретінде «Ясауитану» пәні енгізілді. Бұл бастама жас ұрпақтың рухани-танымдық көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Дәріс кезінде жеткіншектер ғұламаның өмірі мен өнегесін, шығармашылығы мен хикметтерін оқиды. Сондай-ақ көне шаһарда дәстүрлі түрде республикалық «Ясауитану» байқауы ұйымдастырылып тұрады.

- Бізде Түркістан несімен танымал?
Қожа Ахмет Ясауи.

Түркістанда қазір 36 мектепте «Ясауитану» пәні оқытылады. Балалар  Ясауидің ілімі мен мәдениетін, мол мұрасы жайлы мағлұматпен   танысады. Әзірге бұл сабақтың арнайы бағдарламасы мен оқулықтары жоқ. Сондықтан  мұғалімдер өздері ізденіп, ақпарат жинақтайды. Оқушылармен бірге экскурсияға және мұражайларға барып, оның өмірі мен құнды мұрасын көріп, зерделейді.

Айым Рахманжан, №28 мектеп-лицейдің қосымша білім беру педагогі:

Оқушыларымыздың «Ясауитануға» өте қызығушылықтары зор. Өздерінің тұрғылықты жеріндегі тарихын өте қатты білгісі келеді. Ясауи ілімі тек қана білім емес, тәрбиелік мәні өте жоғары. Оның хикметтері жан жақты құндылықтарды, тәрбиелік мағынасы өте зор.

Алдағы оқу жылында  мектеп бағдарламасына енгізілетін «Ясауитану» пәні оқулығын Түркістандағы ғылыми орталықтың ғалымдары әзірлеп жатыр. Қазір оқу әдістемелік құралды басып шығаруда. Сондай-ақ сала мамандары жазғы демалыста мұғалімдерге арнайы дәріс өтіп, қыркүйекке дейін дайындық жүргізілетінін айтады.

Бауыржан Ботақарев, «Ясауитану» ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері:
Бұл жерде ешбір дінге басымдық берілмейді. Қожа Ахмет Ясауидің өзі және оның ілімі обьективті түрде түсіндіріледі. Қазақилық салт-дәстүр, сонымен қатар ар-ождан бостандығы, ұят, намыс деген сияқты мәселелердің барлығы негізне алынады.

Өскелең ұрпаққа Қожа Ахмет Ясауиді насихаттау мұнымен шектелмейді. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мектеп оқушылары арасында «Ясауитану» республикалық байқауын өткізіп келеді. Дәстүрлі байқау биыл 28-рет ұйымдастырылды.  Оған еліміздің барлық өңірлерінен іріктеуден өткен 70-ке жуық дарынды оқушы қатысты. Білімділер  Ясауидің хикметтерін жатқа айтып, шығармашылығы бойынша сауалдарға жауап береді. Түркістанда бұдан бөлек «Ясауитанушылар» клубы ашылған.


Бөлісу