Димаштың ізімен. Отандасымыз Әділхан Макин Беларусь елінде өткен «Славян базары» байқауында жеңіске жетті. Екі күн бойы ерекше таланты мен вокалдық мүмкіндіктері үйлесіп, кәсіби орындаушылық деңгейі мен актерлік шеберлігі жарасым тапқан Әділxан Макин — қазылар алқасының ең жоғарғы бағасына ие болды. Қазақ әншісі залдағы алты мыңнан астам көрермен мен тікелей эфирде тамашалаған миллиондаған фестиваль жанкүйерінің таңдайын қақтырып, ыстық ықыласына бөленді. Конкурстың алғашқы күнінде Әділхан «Озеро надежды» әнін шырқады. Сондай-ақ хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында «Көзімнің қарасы» әнімен көпшіліктің көңілінен шыға білді. Нәтижесінде ол 180 ұпайдан 178 ұпай жинап, Гран-при иегері атанды. Айта кетейік, бұған дейін бұл беделді байқауда қазақстандық өнерпаздардан тек Димаш Құдайберген топ жарған болатын.
Әділхан 1994 жылғы. Петропавл қаласында туған. Жастайынан өнерге құштар бала осы уақытқа дейін көптеген өнер сайысына қатысты. Ұлттық арнада өткен «Қазақстан дауысы» байқауында финалдық кезеңге дейін жеткен. Ал биыл Болгарияда поп-рок орындаушылар арасында өткен «Сарандев 2019» халықаралық жастар фестивалінде бірінші орынды иеленді. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-ші курс студенті жайлы ұстаздары өте жоғары пікірде. Әнді тыңдарманға жеткізу стилі ерекше, әрі өзі еңбекқор әнші дейді. «Сондықтан да оның бағындырар белестері бұдан да биік»,- дейді олар.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ