Басты Жаңалықтар АҚШ Ормұз бұғазынан өте алмай тұрған кемелерге көмектесетінін жариялады

АҚШ Ормұз бұғазынан өте алмай тұрған кемелерге көмектесетінін жариялады

АҚШ бүгін Ормұз бұғазында тұралаған кемелерге көмек операциясын бастайды. Оған мыңдаған жауынгер мен әскери ұшақтар тартылмақ. Иран болса, әлем мұнайының 20 пайызы өтетін су жолының енді соғысқа дейінгідей болмайтынын ескертіп, танкерлерден ақы алатынын ашық жариялады.

Өзге бір мәліметке қарағанда, Тегеран Вашингтонға 14 пункттен тұратын бейбітшілік жоспарын ұсынды. 

Бүгін Америка Құрама Штаттары Ормұз бұғазында соғыс кесірінен тұралаған кемелерді босату операциясына кіріседі. Алайда, президент Дональд Трамп оларға қалай көмектесетінін егжей-тегжейлі түсіндірмеді.

Айта кетсек, соғыс басталғалы бұл жолдан жүздеген танкер мен 20 мыңдай экипаж мүшесі өте алмай тұр. Оларда азық-түлік пен өзге де аса қажетті заттар таусылуға жақын.

АҚШ Орталық қолбасшылығының мәлімдеуінше, операцияға 15 мыңдай жауынгер, 100-ден астам ұшақ және әскери кемелер мен дрондар тартылады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Әлемнің көптеген елдері Құрама Штаттарға Ормұз бұғазынан өте алмай тұрған кемелерін босатуға көмектесу туралы өтініш жасады. Олардың Таяу Шығыстағы жойқын қарулы қақтығысқа ешқандай қатысы жоқ. Бұл процесс, яғни, «Бостандық» жобасы бүгін Таяу Шығыс уақытымен таңертең басталады.

Естеріңізге сала кетсек, Иран бұғазды ақпанның 28-де АҚШ пен Израильдің шабуылдары басталғаннан кейін іс жүзінде жапты. Содан кейін дүниежүзілік нарықта көмірсутегінің бағасы шарықтап, инфляция күшейіп, жаһан экономикасы теңселе бастады. Соғысқа дейін Ормұздан әлем мұнайы мен табиғи газының 20 пайызы және фермерлерге қажетті тыңайтқыштар мен мұнай өнімдерінің айтарлықтай бөлігі өтті.

Дегенмен, қарулы қақтығыс аяқталған күннің өзінде Иран Ормұздан сауда кемелерін бұрынғыдай тегін өткізуі екіталай.

Әли Никзад, Иран парламенті спикерінің орынбасары:

Біз кемелерге қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және басшылық жасау сияқты қызметтер көрсетіп, сол үшін ақы аламыз. Бұл - бүкіл әлемде кең таралған тәжірибе. Ал түскен табыс қорғаныс қабілетімізді нығайтуға, халыққа қолдау көрсетуге және ел инфрақұрылымын қалпына келтіруге жұмсалады.

Осындай шақта Иран АҚШ-қа 14 пунктен тұратын бейбіт жоспар ұсынды. Оған сәйкес, барлық майданда атыс доғарылып, Ормұз бұғазы бойынша келісім жасалып, Америка Иранды блокадалауды тоқтатуы керек. Сонымен қатар, Ислам Республикасы Вашингтонға өзін санкциялардан босату, шетелдегі есепшоттарын қайта ашу тәрізді де шарттар қойып отыр. Және де Тегеран осы талаптары орындалғанда ғана АҚШ-пен ядролық мәселені талқылауға дайын.

Алайда Трамп бұл ұсыныстарды қарауға уәде бергенімен, құжаттың қабылданатынына күмән келтірді және ол Иранға қайта соққы беру мүмкіндігін де жоққа шығармады. Тегеран болса, тайталасқа да, дипломатияға да әзір екенін мәлімдеп отыр.Олардың арасында Украина президенті Владимир Зеленский бар.

Бөлісу