Басты Жаңалықтар «Тарихи оқиға»: Байқоңыр ғарыш айлағынан «Сұңқар» ракета тасығышы орбитаға алғаш рет ұшырылды

«Тарихи оқиға»: Байқоңыр ғарыш айлағынан «Сұңқар» ракета тасығышы орбитаға алғаш рет ұшырылды

30 сәуірде түнгі 11-де Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-5»/«Сұңқар» ракета тасығышы орбитаға алғаш ұшырылып, сыналғанын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады. Бұл 20 жылдан аса уақыт бұрын қол қойылған «Бәйтерек» жобасының іске асқаны. Бұл Қазақстанның қатысуымен болған процесс, сондықтан «тарихи оқиға» деп сипаттап жатыр. «Союз-5»/«Сұңқар» – орташа ауыр, екі сатылы зымыран, Ресейдің «Прогресс» кешенінде жасалған. Ал «Бәйтерек» жобасы деп тұрғанымыз — Қазақстан мен Ресейдің 2004 жылы қол қойып, іске асырған зымыран-ғарыш кешені. Еліміз Байқоңырдағы инфрақұрылымды жаңартып, Ресей дайындайтын зымырандардың ғарышқа көтерілуіне атсалысады. Бұл бізде зымыран ұшыру процесінде автоматтандыру мен қауіпсіздікке жауап беретін кешен құрылды деген сөз. Еліміздің мамандары керекті элементтерді сынығы жоқ кірпіш қалағандай құрап, өзіміздің ұшыру инфрақұрылымын жасай алды. Күрделі процесс екені айтпаса да түсінікті. 40 техникалық жүйе қолданылған. «Союз-5»/«Сұңқар» Жерге жақын орбитаға 17 тоннаға дейін жүк шығара алады. Және керосин мен сұйық оттегі сияқты улы емес отын пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің ғарыш саласында жаңа көкжиек ашылды. Түрлі ғарыш аппараттарын ұшыру мүмкіндігі.

Бөлісу