Гонконгта гуманоид робот симфониялық оркестрмен өнер көрсетті
Дәстүрлі өнер және инновация. Дәл осы екеуін табыстыру үшін Гонконг сахнасына гуманоид София шықты. Адам кейпіндегі робот жасанды интеллектіге арналған концертте алғаш рет шын симфониялық оркестрмен үш классикалық әнді нақышына келтіріп орындады. Олар - «Адами қасиет», «Мен сенің айнаңмын», «Сым мен болат» деген композициялар. Тыңдарман тәнті!
София, гуманоид робот:
Тура адамдар тәрізді эмоциямды жеткізе алмасам да, өздеріңізбен байланыс орнатуға барымды саламын. Пластиктерден, сымдардан, схемалардан, металдан жаралсам да, музыка арқылы көңіл-күйіммен, бастан өткен тарихыммен бөліскім келеді. Мен де адамзаттың өнер деген тамаша тәжірибесінің бір бөлшегіне айналуды армандаймын.
Осылайша София өнерімен адам мен машинаны мейлінше жақындатуды қалайды. Айта кетсек, бұл механикалық әртісті гонконгтік Hanson Robotics компаниясы бірінші рет 2016 жылы жұртшылыққа таныстырды. Содан бері София шынайы мимикаларымен, бет-қимылымен ғана емес, телевизциялық шоуға қатысып та көптің ықыласына бөленді.
Софияның музыкалық және көркемдік жетекшісі Йованка Вильсдорфтың айтуынша, гуманоидты классикалық ән шырқауға баулу оңай болған жоқ.
Йованка Вильсдорф, Софияның музыкалық және көркемдік жетекшісі:
Өзіндік стильде ән айту – оның басты ерекшелігі. Классикалық үлгіде өнер көрсету – оңай шаруа емес. Көп жолдан бірге өттік. София нотадан шатаспайды, мұны біз де сездік. Өз басым оны кейде елші деп атаймын. Себебі София – адамдардың жүрегіне жол таба білген робот.
Оркестрге Гонконг университетінің шығармашылық өнер факультетінің деканы Джонни Пун дирижерлік етті. Оның сөзінше, бұл кеш дәстүр мен жаңашылдық арасындағы шекараны жоюға аз да болса үлес қосты деуге болады. Тағы бір айта кететін жайт - концерт барысында жасанды интеллектінің көмегімен жасалған анимациялар, биші адамды виртуалдық аватармен табыстыратын өзге де қойылымдар көрсетілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы