Елді елең еткізген жаһан жаңалықтары
Әлемді елең еткізген өзге де жаңалықтарға қысқаша тоқталсақ.
БҰҰ бас хатшылығына 4 кандидат анықталды
Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы өз тарихындағы 10-шы бас хатшысын сайлауы керек. Қазіргі жетекші Антониу Гутерриштің орнына төрт адам үміткер. Олар – МАГАТЭ-ның бас директоры Рафаэль Гросси, Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті Ребекка Гринспен, Чилидің бұрынғы екі мәрте президенті Мишель Бачелет және Сенегалды 12 жыл басқарған Макки Салл.
Жапония шетелге қару сатуға қайта кіріспек
Жапония қару экспорттау ережесіне өзгеріс енгізіп, соңғы 50 жылда алғаш рет шетелге әскери кемелер, зымырандар және өзге де арсенал сатуға жол ашты. Айта кетсек, бұл мемлекет көршісі Қытайдан төнген қауіпті тежеу үшін армиясын күшейтіп, сырттан көзге көрінбейтін соғыс ұшақтарын, ракеталарды, дрондарды көптеп сатып алып жатыр.
Ресей мен Солтүстік Корея арасында автокөпір салынды
Ресей мен Солтүстік Корея арасында алғашқы автомобиль көпірінің құрылысы аяқталды. Приморский өлкесінің губернаторы мәлімдегендей, Тюмень өзенінің үстінен өтетін жол жеңіл машиналар үшін маусымның 1-де ашылады.
Apple компаниясын Джон Тернус басқармақ
Apple компаниясын қыркүйектің 1-де 50 жастағы Джон Тернус басқаруға кіріседі. Ал осы технологиялық титанға 2011 жылдан бері жетекшілік етіп, оның нарықтық құнын 350 миллиард доллардан 4 триллион долларға жеткізген Тим Кук директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы қызметіне ауысатынын мәлімдеді.
Дубай оқушылары мектептерге оралды
Иранға қарсы соғыс салдарынан сабақтан жеті аптаға қол үзіп қалған дубайлық оқушылар бүгін мектептерге оралды. Айта кетсек, АҚШ пен Израильден кек алу үшін Ислам Респубикасы Парсы шығанағы елдеріне зымырандармен, дрондармен соққы беріп, талай азаматтық нысанды қиратқаны белгілі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы