Басты Жаңалықтар ҰБТ жүйесі: Грантқа түсу шарттары қалай өзгереді?

ҰБТ жүйесі: Грантқа түсу шарттары қалай өзгереді?

Вице-премьер, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық бірыңғай тестті бірнеше рет тапсыру сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді деп мәлімдеді. Жоғары оқу орындары білімді, дарынды жастарды өз бетінше іріктей алмайды деп отыр. Бұл ең алдымен, адами капиталды дамытудың негізгі қозғаушы күші саналатын педагогикалық жоғары оқу орындарына қатысты дейді. Осыған байланысты бірқатар шара қабылданатынын хабарлады.
Мысалы, тестпен бірге арнайы емтихан тапсыратын гибридті бағалау формасы. Бұл ойлау қабілеті, талдау дағдылары сияқты өте маңызды деңгейді анықтауға сеп. Өзгеріс биыл емес, келесі жылдан басталады. Жалпы тест жүйесін тұтастай жаңғырту жоспары бар. Жаңалықтың мәніне Данияр Қайыртай үңілді.
Данияр Қайыртай, Тілші:

Ендігі жылдан бастап грантқа оқуға түскісі келетін мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді бір-ақ рет тапсырады. Бірден айта кету керек, бұл өзгерістің университетке ақылы негізде түсетіндерге қатысы жоқ.
Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
Мемлекеттік білім беру грантына конкурсқа қатысатын ҰБТ қазір 2 рет өткізілетін болса, келесі жылы 1 рет өткізіледі деп күтілуде. 2027 жылы сонымен қатар ақылы негізде өткізу де сақталады.
Білімгүл Баекешова, Білім саласының сарапшысы:
Бұл өзекті қажеттіліктен шыққан талап деп ойлаймын. Өйткені бұндай ауқымды реформа жасау үшін міндетті түрде дәлелді база керек, эмпирикалық зерттеулер керек. Соның негізінде қабылданған өзекті шешім деп ойлаймын өз басым. Себебі қазір ЖОО-ға түсу осы өзгермелі заманды талапты күшейтуді талап етіп тұр.
Мақсат – тест нәтижесін объективті әрі ең басты баға ретінде қалыптастыру. Осы ресми позицияны білім саласының маманы Елжан Есетов те қуаттайды.
Елжан Есетов, 125 high school мектептер желісінің бас директоры:
ҰБТ-ны бірнеше рет тапсырған кездеол балалардың тесті қайталауына, жаттандылыққа мән беріп жатыр. Халықаралық тестердің ішінде SIT тестін алар болсақ, талапкердің бір рет тапсырған кезде сәтті тапсыруына мүмкіндік береді. Яғни бір реттік формат – 11 жылдық дайындықтың қорытындысы ретінде көрсетуге болады және грантты шынайы беруге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Вице-премьер хабарлаған тағы бір маңызды өзгеріс – мұғалімдікке қабылданатын талапкерлерді гибрид форматта бағалау. Яғни тестілеу нәтижесінен бөлек, ауызша емтихандардың да қорытындысы ескерілмек.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары –Мәдениет және ақпарат министрі:
Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Сондай-ақ бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі.
Өзгерістің ұңғыл-шұңғылын Ұлттық тестілеу орталығының өкілінен тікелей сұрадық. Сөйтсек реформа бұрыннан бар жүйені жетілдіре түсуді көздейді екен.
Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
2016 ж бастап ЖОО пед және мед мамандықтарына түсу үшін арнайы емтихан өткізіледі. Ол емтихан ЖОО базасында өткізіледі. Енді мазмұндық жағынан өзгерістер болады. Бар емтиханды жетілдіру. Сыни ойлау, коммуникативтік, когнитвтік дағдыларды анықтау, бағалау мәселесіне көңіл бөлінеді.
Мектеп түлегінің қарым-қабілетін бағалау үшін тестен өзге де формат қолданылатынын жоғары білім жүйесінде басшылық қызметтер атқарған қазіргі Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов та қолдады. Себебі құр тест баланы жаттанды білімге баулытып жіберсе, мектептер есеп үшін өзара бәсекеге түсетінді шығарған.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің осынша баламыз түсті, біздің мектептің бітірушілерінің шекті балы жоғары болды деп өзара бәсеке пайда болып кетті де бұлар 10-11 сыныптан дәстүрлі сабақ оқуды қойып, барлығы сол оқуға түсу үшін 4-5 пәннен тестілеудің соңына түсіп кетті. Бұл дегеніміз мектептегі стандартты білім беру форматына біраз кедергі келтіре бастады.
Елжан Есетов, 125 high school мектептер желісінің бас директоры:
Тест деген «Не білесіңді?» тексеретін нәрсе ғой. Ал ауызша емтихан «Қалай ойлайсың?» дегенді көрсетеді. Жалпы халықаралық жүйеде ең басты акцент ойлау сапасына беріледі. Ауызша кезең талапкердің логикасын, тілін, позициясын көрсете алады. Нәтижесінде тек дұрыс жауапты айқындайтын жастарды емес, ойын айта алатын талапкерлерді ала аламыз.
Білімгүл Баекешова, Білім саласының сарапшысы:
Әсіресе мұғалімдерге олардың статусы көтерілген сайын, оларға қойылатын талап та жоғары болуы керек. Себебі мектеп сапасы – мұғалім сапасы дегенді білдіреді. Оған өзінің потенциалын жоғары деңгейде қолдана алатын, өзінің қабілетін көрсете алатын, сол мамандықты өз еркімен ғана таңдаған талапкерлер келеді. Және сондай сынақтан өтуге дайын болады деп ойлаймын.
Үшінші өзгеріс – жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары арқылы шартты түрде студент қабылдау жүйесі тоқтатылмақ. Оның мәнісі:
Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
Қазір ҰБТ жылына 5 рет өткізіледі. Сол ҰБТ-ны тапсырып, соның нәтижесінде шекті балды жинай алмаған түлектердің ЖОО-да мамандығы бойынша ҰБТ-ны тапсырып, шекті балды алғанға дейін ЖОО-ға ақылы негізде қабылдану мүмкіндігі бар. Яғни ол шартты қабылдау деп аталады. Сол қабылдау 2025 жылы пед және мед мамандықтары үшін жүзеге асырылған жоқ. Яғни алдағы уақыттан бастап жалпы ЖОО-ға шартты түрде қабылдау тоқтатылады.
Елжан Есетов, 125 high school мектептер желісінің бас директоры:
Министрліктің 2024-25 жж. фаундейшн статистикасы бойынша, 50-60 пайыз фаундейшн оқыған студенттер сол мамандыққа емес, қайта ҰБТ тапсырып, мамандығын ауыстыруда және де фаундейшннен өтпей қалуда. Бұл бір жылға кеткен қаражаттың 50 пайызы ақталмайды деген сөз.
Түсінбеушілік немесе дабыра тумау үшін қайталай кетейік, бұл өзгерістер келесі оқу жылының соңында енгізілмек! Ал биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу бұрынғысынша өтеді.

Бөлісу