Басты Жаңалықтар Ақмола облысында майлы дақылды үш есе көп екті

Ақмола облысында майлы дақылды үш есе көп екті

Биыл ақмолалық диқандар егіс науқанын солтүстік өңірлер арасында бірінші болып аяқтады. Барлығы 5 млн 600 мың гектар алқапқа дән себілді. Егістікті әртараптандыру мақсатында майлы дақылдардың көлемі артты. Соңғы үш жылда 6 есеге өсіп, 715 мың гектардан асқан.

Есіл ауданының шаруалары егіс науқанын ерте аяқтады. Бұл нәтижеге мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қол жеткіздік, дейді 2600 гектар жерге егін еккен шаруа Қайрат Бұқанов. Шағын қожалық иесі өнімі сұранысқа ие болуы үшін майлы дақылдардың көлемін арттырған.
Қайрат Буканов, шаруа:

Биыл аграрлық-кредиттік корпорациядан кредит алдық, пайызсыз «Кең дала - 2» деген. Сонда уақытында берді. Ертерек алып, шемішке тұқымын алдық, екі тұқым алдық. Бидайдан, арпадан тұқым алдық.
Майлы дақылдарды өсіргеннен кейін оның сапасын жоғалтпай сақтау үшін арнайы кептіргіш қондырғылар керек. Бұл бағытта биыл Есіл ауданында тұқым тазалап, іріктейтін әрі сақтайтын облыстағы ең ірі нысан іске қосылады. Құны 1,5 миллиард болатын жобаға Юбилейное ауылының ірі кәсіпкері жеке инвестициясын құйып отыр. Бұл тек бидайды емес, майлы дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Владимир Сыбулин, қырман меңгерушісі:

Бұл тұқым тазалайтын бірегей зауыт деуге болады. Мұнда бір мезгілде 6 мың тонна өнім сақтай аламыз. Еуропалық қондырғы толық автоматтандырылған. Фотосепаратор әр дәнді оның көлемі мен салмағына, тіпті түсіне қарай іріктейді. Бұл тұқымның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде өнімділікті де біршама арттырады.

Биыл көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан 235 миллиард теңге бөлінді. Оның 75 млрд теңгесі қайтарымсыз субсидия. 34 млрд теңгеге жеңілдетілген пайызбен ауылшаруашылығы техникалары сатып алынды.

Нұрбек Бадырақов, облыстық а/ш басқармасының басшысы:
Қазіргі таңда тыңайтқыштарды ендіру кең көлемде қолға алынып жатыр. Жалпы, топырақтың құнарлығын арттыру үшін биыл 433 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіруді жоспарлап отырмыз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге минералды тыңайтқыштар көлемі артады.
Қазіргі таңда шаруалар топыраққа 330 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Бұл мақсатта мемлекеттік қолдау ретінде 6 млрд теңге көлемінде субсидия берілді.


Бөлісу