Басты Жаңалықтар Оқушылар жазғы демалысын тиімді өткізіп жатыр

Оқушылар жазғы демалысын тиімді өткізіп жатыр

Елордалық оқушылар жазғы демалысын әскери тәртіп пен экологиялық мәдениетті ұштастыруға арнады. «Айбынды маусым» жазғы лагерінде жүрген жасөспірімдер «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосты. Олар тек әскери өмірдің қыр-сырын үйреніп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауды басты міндет санап отыр.

Мичуриндегі әскери-патриоттық лагерьде нағыз қарулы күштердің атмосферасы. Қазір мұнда Нұра ауданының оқушылары алғашқы әскери дайындық пәніне жыл бойы алған теориялық білімін практикалық тұрғыда жетілдіріп жатыр. Олар күннің ыстығына қарамастан, сап түзеп, автоматты шашып-жинап, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеріп жатыр.

Ғинаят Сыздықов, «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры:
Жалпы кез келген мектеп оқушысы осы лагерьге келемін десе, есігіміз айқара ашық. Түрлі әскери техникаларды қойып жатырмыз, балалар келіп, қолымен ұстап көруіне болады. Ауған соғысына қатысқан, Чернобыльда болған, бұрынғы әскери қызметте болған үлкен ағалар мен апаларын қонаққа шақырып, сұхбат алсақ, теориялық сабақтар да болады.
Лагерьдегі барлық практикалық сабақ қауіпсіздік талаптарын түсіндіруден басталады. Әскери мамандар оқушыларға нұсқаулық беріп, әр тапсырманың орындалу тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Бұл балалардың жауапкершілігін арттырып, тәртіпке баулиды.
Ералы Бейсенбек, Қ.Мұхамедханов, атындағы № 90 гимназия оқушысы:
«Жас сарбаз» жазғы лагеріне бір апта бұрын келдім. Жазғы лагерь жақсы өтіп жатыр. Мен бұл жерде сабырлыққа, тир атуға, автомат жинауға және тағы да басқа көптеген нәрселерді үйрендім.
Сондай-ақ мұнда қоршаған ортаны қорғау да басты назарда. Жиын соңында Дүниежүзілік экология күніне орай «Эколог сағаты» өтіп, оқушылар өздері шеберлік сабағы өткен аумақты қоқыстан тазартты. Себебі нағыз патриотизм – Отанды қорғаудан ғана емес, оның табиғатын аялаудан басталады.


Бөлісу