Басты Жаңалықтар Атырау облысындағы арықтар тереңдетіліп, шаруаларға су жетті

Атырау облысындағы арықтар тереңдетіліп, шаруаларға су жетті

Атырау облысындағы «Қурайлысай» каналының жолы тазартылып, су бере бастады. Ұзындығы 53 шақырымнан асатын су арнасы Индер ауданының Жарсуат ауылдық округіне қарасты ауылдарды жазғы сумен қамтып, шабындықтарды суландыруға арналған. Облыс аумағында жалпы ұзындығы 1300 шақырымнан асатын 21 канал бар. Оның 15-не су жиналып, тұрғындар игілігіне қызмет ете бастады.

«Қурайлысай» каналын тереңдету жұмысы осыдан 4 жыл бұрын басталды. Қазір арна Жайық өзенінен су алуға дайын. Оның игілігін Жарсуат ауылдық округіне қарасты 4 ауыл көрмекші.
Тыныштық Азанов, Жарсуат ауылының тұрғыны:

Осы малмен күнелтіп отырған жайымыз бар. Су жетіп тұр, өздері ыссыда түнге қарай айдайды. Тәртіп ережелері бар өздерінің. Моторы қызып кетеді ғой. Мотор айдаса болды, құлайды.

Жобаға республикалық бюджеттен 780 миллион теңге бөлінгенімен, кейін канал облыстық балансқа өткен соң жұмыс қарқыны бәсеңдеген. Соған қарамастан құрылыс тоқтаған жоқ. Қазір нысанның дайындығы – 95 пайыз. Тереңдігі 2,5 метр, ені 60 метр болатын арна Жайықтың суын шалғай ауылдарға жеткізуге әзір.
Досымбек Жандаров, мердігер мекеме өкілі:
Су котловандарда толы тұр, мал ішіп жүр. Қазғанға дейінгі жағдай канал орташа болды. Жаман деп айта алмаймын. Су жүріп тұрған. Бірақ аяғына дейін жетпеген.
Соңғы үш жылда Индер ауданында үш бірдей каналдың жолы ашылған. Жалпы ұзындығы 1300 шақырымнан асатын 21 каналдың бүгін 15-і су қабылдауға дайын. Бұл тек Индер мен Махамбет аудандары үшін емес, облыстағы жүздеген шаруа қожалығы мен мыңдаған гектар суармалы алқап үшін маңызды көрсеткіш.
Асланбек Рысжан, облыстық КМК директоры:
«Бағырлай», «Қурайлысай» каналы, «Кабяково-Забурын» Құрманғазы ауданында, Қызылқоға ауданында «Ералы» су торабы бар. Олардың екеуіне бүгінгі таңда келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Индер ауданы бойынша Бағырлай каналына 256 млн қарастырылып отыр, республикадан трансфертпен.
Су шаруашылығына жауапты мекеме барлық каналдарға сорғылар орнатылғанын хабарлады. Былтыр бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге бөлініп, толық игерілген. Ал қаржы мәселесі шешілсе, биыл тағы төрт каналға су жіберіледі.


Бөлісу