Басты Жаңалықтар Түркістан облысында канал жақтаулары опырылып жатыр

Түркістан облысында канал жақтаулары опырылып жатыр

Шардара су қоймасынан Жетісай ауданының егістік алқаптарына су жіберетін  машиналық каналдың екі жағы опырылып, құлап жатыр. Бастапқы кезде 25 метр болатын каналдың ені бүгінде 70-80 метрге жеткен. Тіпті каналдың үстінен салынған облыстық маңызы бар жолдың көпіріне  де қауіп төніп тұр. Жергілікті халық осылай жалғаса берсе  қатер ауылға да жақындайды деп  алаңдаулы. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

- Жеті қазына мен Жаңа даланың қиылысында мына жерлер опырылып, құлап қалыпты. Тұрғындар абайлаңыздар. Ары бері өткен кезде мына жолдан.
Бұл осы жылдың наурыз айында болған жағдай. Шардара мен Жетісай аудандарын байланыстыратын облыстық маңызы бар жолдың бір бөлігі опырылып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Оған себеп – машиналық әдіспен су тартатын каналдың беткейі құлаған. Кейін топырақ тасталғанымен жергілікті жұрт каналдағы жарықтар үлкен көпірдің астын да құлата бастағанын айтады.
Нұралы Рахымбердиев, Үш көпір ауылының тұрғыны:
Мына көпір үлкен маңызы бар көпір ғой бұл, қанша 30-40 елдімекенді барыс-келіс жасап отырған көпір. Көпірге өте қауіп төніп тұр. Екі жамбасы 10-10 метрден жылжып кетті. Қазір көпір қыл үстінде тұр деп айта аламыз.
Канал бастапқыда сорды шаю мақсатында салынған. 2011 жылы машиналық әдіспен су көтеру нысаны ретінде өзгерткен. Содан бері ішкі жақтаулары жер асты суының әсерінен құлап, ұлтаны толып кете беретін болыпты. Жылда каналды қазып тазалағанымен, су өткізу қабілеті төмендеп кеткен. Жарықтар үлкейіп, ауыл маңындағы қорымға жақындап қалған көрінеді. Шаруалардың пайдасына жарап тұрған К-30 каналы құлау алдында тұр. Егер бұл арық бұзылса, осы маңдағы 1700 гектар алқап сусыз қалады. 
Әбиназар Асанұлы, Жеті қазына ауылының тұрғыны:
Жеті қазынада мыңнан астам адам тұрады бізде тек қана. Енді арғы жақта Шаблан Ділдәбековтың Жаңа дала ауылы бар, Зерделі ауылы бар. Ол жақта да әр ауылда 2 мыңнан, үш мыңнан адамдар тұрады. Сонша адам мына бір каналға байланып отырмыз. Мақта егеміз, диқаншылық қыламыз. Бұл бұзылса және сусыз қалатын болып тұрмыз.
Сала мамандарының сөзінше каналдың жақтаулары қаңтар-сәуір айларының аралығында құлайды. Оған жаңбыр мен жерасты суларының көтерілуі себеп дейді. Ал егістік жерлерді сусыз қалдырмау үшін каналды басқа жаққа көшіру қарастырылуда.
Нұртас Тұрсынбеков, «Қазсушар» РМК Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы:
Енді біз барынша, қолдан келгенше техникалармен каналдардың жанын трамбовка жасап, басқа қылып, соны тоқтатуға жұмыс жасап жатырмыз қазіргі таңда. Осы каналды біз елдімекен шегінен өткізуге жұмыс жасап жатырмыз. Елдімекен шегінен айналып, ары қарай басқа елдімекендерге су беруге жұмыс жасалып жатыр қазір.
Машиналық каналдың мәселесі күрделірек. Себебі бұған дейін бетондалған жерлерін су ағызып кеткен. Жерасты сулары тоқтаусыз ағып тұрады. Десе де еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігі мамандары каналдың 11 шақырымы  толықтай бетондалып, қалпына келтіріледі деп отыр.
Ұлан Алтынкопов, Су ресурстары және ирригация министрлігінің басқарма басшысы:
Бүгінгі күнге жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Мемлекеттік сараптамалық қортындысы шілде айында алынады деп жоспарлануда. Ал басты су сорғы стансасының сараптамалық қортындысы қыркүйек айында әзірленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік сараптамалық қорытындысы дайын болғаннан кейін құрылыс монтаждау жұмыстарына бөлінетін қаражаттың көзі айқындалатын болады.
Айта кетейік, Жетісай ауданы трансшекаралық Достық каналындағы ағын суға тәуелді. Жаздыкүні су көлемі төмендеп кеткен кезде осы машиналық каналмен Шардара су қоймасынан су тартылады. Мәселен өткен жылы қуаңшылық белең алған тұста машиналық канал арқылы тәулігіне 30 текше метр су тартылып, 57 мың гектар жер суарылған болатын.


Бөлісу