Басты Жаңалықтар Рәміздер – ел бірлігінің нышаны

Рәміздер – ел бірлігінің нышаны

Шымкентте Мемлекеттік рәміздер күні ерекше форматта өтті. 100 метрлік Ту тұғырында көк байрақ көкке көтерілді. Мыңдаған тұрғын жиналған алаңда әнұран әуелеп, елдік пен бірліктің басты нышандары ұлықталды.

Мерекелік іс-шарада қала жастары сап түзеп, мемлекеттік рәміздерге құрмет білдірді. Жиынға зиялы қауым өкілдері, мыңдаған қала тұрғындары, ардагерлер мен өнерлі жастар қатысты. Көк байрақ көкке көтеріліп, көпшілік Әнұранды қосыла шырқады.

Шараға қатысқан спортшылар үшін де бұл күннің мәні ерекше. Әлия Юсупова мемлекеттік Ту - спортшының жауапкершілігін айқындайтын басты өлшем екенін айтады. Халықаралық аренада ел намысын қорғау – жеке жетістік емес, ел алдындағы үлкен міндет. Сондықтан көк байрақтың көкке көтерілуі әрбір спортшы үшін ең жоғары баға, дейді көркем гимнастшы.

Әлия Юсупова, Қазақстан гимнастика федерациясының президенті:

Біздің Туымыз тек екі рет көтеріледі. Мемлекет басшысы басқа елге ресми визитпен барған кезде және үлкен жарыста орын алған кезде көтеріледі. Көк Туымызды желбіретіп, Әнұранды айту біздің бірінші мақсатымыз.

Салтанатты жиында жастардың белсенділігі ерекше байқалды. Олар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді елдік сананы қалыптастыратын маңызды құндылық деп санайды. Жиналғандар мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың отансүйгіштік көзқарасын күшейтетінін айтады.

Асқарбек Маматов, қала тұрғыны:

Елдігіміздің еңсесіне айналған, азаматтығымыздың айбыны болған көк байрағымыздың өзі, әлемдік ареналарда бақ сынасып жүрген спортшыларымыз үшін жанына жалау болып, жігер сыйлайтын құнды дүние болса, сапарда жүрген бауырларымыз үшін елдің сағынышын арттыратын көрген кезде, жүректің түбінде өшпес махаббат жататын тылсым күш деп білемін.

Мерекеде әскери оркестрдің сүйемелдеуімен патриоттық рухтағы әндер шырқалды. Әр тұрғынның қолындағы көк жалаулар рухты көтерді. Қатысушылар мемлекеттігіміздің қастерлі нышандарына құрмет көрсету, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, болашаққа деген нық сенім қалыптастыратынын айтады.

Бөлісу