Басты Жаңалықтар Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейліктің айнасы

Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейліктің айнасы

Мемлекеттік рәміздер – елдің тарихы мен мәдениетін, ұлттық болмысын айшықтайтын маңызды нышаны. Алматыда рәміздер күніне орай өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда мамандар осылай деп отыр. Іс-шараға 70-ке жуық адам қатысты. Олардың қатарында ғылыми қауымдастық өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, жастар ұйымдары мен қоғам белсенділері болды.

Жиын барысында мемлекеттік рәміздердің тарихи және құқықтық маңызы, сондай-ақ Конституцияның қазіргі қоғам дамуындағы рөлі талқыланды. Заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраеваның айтуынша, мемлекеттік рәміздер туралы жаңа заңнамалық өзгерістер рәміздердің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған деп отыр.

Алуа Ибраева, Заң ғылымдарының докторы, профессор:

Жаңа Конституцияда ресми түрде дегенді алып тастаған. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға болады дейді. Бұл дегеніміз мемлекеттік мекемелерде, органдарда, кәсіпкерлерде, жай азаматтарда толығымен қолдануға болады. Ал рәміздердің мақсаты патриоттық сезімді көтеру.

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің әлем алдындағы бет-бейнесі, халқымыздың бірлігі мен елдігіміздің нышаны. Көк Туымыз – еркіндік пен бейбітшілікті, Елтаңба – ортақ шаңырақ астындағы бірлікті, ал Әнұран – Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін білдіреді, дейді мамандар.

Кенжехан Матыжанов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

Егер біздің еліміздің аты шығып жатырса, аты аталып жататын болса ондағы әлемдегі халықтардың жүргені баратын әнұранымыз. Біздің Әнұран, Елтаңбамыз қандай символилкалық мәнге ие. Оның ішінде күн де бар, шаңырақ та бар, уық пен мүйізді пырағымыз да бар. Оның бәрі біздің мемлекеттік рухтан хабар беріп тұратын дүние.

Іс-шараға қатысушылар арасында мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру, құқықтық мәдениетті нығайту және патриоттық тәрбиені дамыту мәселелері де талқыланды.

Бөлісу