Мемлекеттік рәміздер күні ерекше аталып өтті
Қарағанды қаласында 4000-ға жуық адам Ту тұғыры алаңына жиналып, мемлекеттік рәміздер күнін ерекше атап өтті. Дәстүрлі шара жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Егемен елдің айшықты келбеті, айтулы символы, азаттықтың асыл үні патриоттық форумда тоғысты.
Рәміздер рухы - Конституция күші. Бүгінгі форумның басты тақырыбы. Расымен осыдан 34 жыл бұрын еліміздің бет-бейнесі, негізгі нышаны болып - Ту, Елтаңба, Әнұран бекітілді. Ал, заң жүзінде 20 жылға жуық тойланып келеді. Арқа төрінде де айтулы мереке аталып өтті
Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:
Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран - тәуелсіздігіміздің темірқазығы, елдігіміздің еңселі белгісі. Бұл ұлттың рухын асқақтатып халықтың жүрегіне ортақ мақтаныш пен сенім ұялататын қасиетті құндылықтар.
91 метр биіктікте желбіреп тұрған көк туымыздың айналасына 4000 жуық адам жиналды. Алдымен Әнұранымызды әлемге танытып, көк туымызды көпке көрсетіп жүрген спортшылар алып туды ортаға шығарды. Бұл әлемдік аренада атой салып жүрген жандарға сенім, жиылған жастарға үлгі, дейді тұрғындар
Әйгерім Құсайын, қала тұрғыны:
Мемлекеттік рәміздер күні айтулы мереке. Осы күнде жастар, қоғам белсенділері. Барлық қала тұрғындары бірлесіп осы айтулы мерекені тойлауда. Біз үшін бұл үлкен құрмет өйткені мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау оны құрметтеу баршамыз үшін маңызды болып саналады.
Өңірдің өркендеуі үшін ат салысқан әр түрлі сала өкілдері облыс әкімі қолынан марапат алды. Кеш соңында патриоттық әндер шырқалып, жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Мемлекеттік рәміздер - егемен елдің символы, еңселі елдің темірқазығы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы