Басты Жаңалықтар Астаналық тұрғын медицинадағы қағазбастылықты азайтудың тың жолын ұсынды

Астаналық тұрғын медицинадағы қағазбастылықты азайтудың тың жолын ұсынды

Астаналық тұрғын медицинадағы қағазбастылықты азайтудың тың жолын ұсынды. medvoice платформасы дәрігер мен науқастың әңгімесін жазып алады, жасанды интеллект соның негізінде алдын ала диагноз бен емдеу жолын құрастырып береді. Яғни дәрігер енді қағазға алаңдамайды — барлық ақпарат автоматты түрде реттеледі. Жазбалар сақталып, қажет болса, қайта тыңдауға немесе бір батырмамен жүйеге жіберуге болады. Нәтижесінде уақыт үнемделіп, қабылдау үдерісі жеделдейді, ал науқас ұзақ күтуден арылады.

Ислам Исаев, кәсіпкер:

  • Дәрігер қабылдауында болғанымда маман менің шағымымды қағазға түсіруге көп уақыт жұмсап, соның салдарынан сырттағы кезек те ұзарып жатты. Сол сәтте осы процесті цифрландыру туралы ой келді. Нәтижесінде жүйені үш апта ішінде жасап шығардық. Қазір ол қазақ және орыс тілдерін жақсы таниды. Сонымен қатар жүйе науқастың емделу динамикасын бақылап, ауру тарихын сақтайды және қажет болғанда дәріні уақытында қабылдауды еске салып отырады. 

Бүгінде платформа Қарағанды мен Петропавл қалаларындағы клиникаларда сынақтан өтуде. Жобаның ауқымын кеңейту арқылы оны кезең-кезеңімен медициналық тәжірибеге енгізу жоспарланып отыр. Ал Шымкентте өткен семинарда жүйе ресми түрде таныстырылып, дәрігерлер тарапынан қолдау тапты.

Анар Өтегенова, дерматовенеролог:

  • Дәрігерлерге көмек керек, негізі цифрлық интеллект, цифрландыру бәрібір келеді. Заң бойынша бір пациентке 30 минут беріледі. Бірақ осы платформаның көмегімен қабылдау уақыты қысқарады, 15-20 минутқа дейін уақыт бөлуге болады. 


Бөлісу