Израиль мен Ливан атысты 10 күнге тоқтатты
Израиль мен Ливан бітім жариялауға келіскен. Атыс өткен түннен бастап тоқтады. Мұны АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді. Ақ үй басшысы әлеуметтік желіде екі елдің жетекшілері өзімен әңгімелескеннен кейін 10 күнге атысты тоқтатуға келіскенін жазды.
Ливан мен Израиль арасында 34 жылда алғаш рет ресми келіссөз өткенін айтты. Бұған қоса, екі ел басшыларын Ақ үйге шақыратынын да мәлімдеді. Ливандағы атыстың тоқтауы Иранның АҚШ-пен келіссөздегі талаптарының бірі болған. Бұл келіссөз апта соңында Исламабадта басталып, нәтижесіз аяқталғаны белгілі. Трамп оның келесі раунды осы аптада жалғасатынын жеткізді.
Ливанмен бітім жарияланғанын Израиль премьері де растады. Ал «Хезболла» тобы бітімге келіскенін мәлімдеп, басты талап – атыстың толық тоқтауы екенін айтты.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
Ливанмен тарихи келісім жасауға мүмкіндік бар. Президент Трамп мені және Ливанның президентін шақырып, мәмілеге қол жеткізуге тырысады. Атысты 10 күнге тоқтатуға келістім. Бейбіт келісімге келу жолында екі талап бар: біріншісі – «Хезболланың» қарусыздануы, екіншісі – тұрақты бітімге келу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы