Басты Жаңалықтар Маңғыстауда жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Маңғыстауда жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Маңғыстауда 13 жастағы жасөспірімнің қайтыс болуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі тексеру жүргізіп жатыр.

Кәмелетке толмаған науқастың өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған. Ақтаулық жасөспірім 19 ақпанда санитарлық авиациямен Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілген. Алайда көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ол 13 сәуірде қайтыс болды. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде Ақтауда балаға медициналық көмек көрсеткен бірнеше ұйымның жұмысында заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, науқастың жағдайына дұрыс баға берілмеген, консилиумдар өткізілмеген, бірнеше рет ауруханаға жатқызылмай, үйіне жіберілген. Сонымен қатар клиникалық хаттамалар сақталмаған. Айта кетейік, марқұм дәрігерлердің көмегіне іші ауырып жүгінген.

Бибізада Дүйсенбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Тексеру қорытындысына байланысты тиісті медициналық ұйымдардың басшыларына және қызметкерлеріне қатысты тәртіптік шаралар қарастырылды. Тексеру материалдарына құқықтық баға беру және процессуалдық шешім шығару үшін Ақтау қаласының прокуратурасына жолданды.


Бөлісу