Түркиялық компаниялар мұнай-газ қорын барлауға көмектеседі
Қазақстанда мұнай-газ және көмір-химия салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға түрік компаниялары атсалыспақ. Олар қара алтын мен газ қорларын барлауға, өңдеуге және тасымалдауға да қолқабыс етеді. Сондай-ақ бауырлас ел отандық дәрігерлерді оқытпақ. Бүгін Астанада екі елдің Үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысы өтті. Жиында сан-саладағы серіктестікті нығайту мәселесі қаралып, ондаған келісім жасалды. Рет-ретімен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатсын.
Қазақстан Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы Еуропаға тасымалданатын мұнай көлемін арттырмақ. Өйткені қазіргі геосаяси ахуал шиеленіскен шақта бір ғана КТК құбырына қарап отыруға болмайды. Бұл туралы бүгін елордада өткен екі елдің Үкіметаралық экономикалық комиссиясының 14-ші отырысында айтылды. Жиында түрік компаниялары елдегі мұнай-газ қорларын барлауға, оны өндіру мен өңдеуге атсалысатыны да белгілі болды.
Санжар Жаркешов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Геологиялық барлау бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Turkish Petroleum корпорациясы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Ондағы үш жоба геологиялық барлауға қатысты. Қазір түрік бағыты ақпараттарды алып, жұмыс істеп жатыр.Сондай-ақ көмір-химия бағытында бірлескен жоба жүзеге асырылмақ. Яғни көмірден тыңайтқыш, аммиак және пластик өндіру көзделіп отыр. Бүгінде 30 млрд тоннадан астам қара отын қоры бар Қазақстан үшін бұл зор мүмкіндік.
Қазақстан Түркияға майлы дақылдар экспорттайды
Үкіметаралық экономикалық комиссия отырысында ауыл шаруашылығы саласындағы алыс-беріс көлемін ұлғайту жайы сөз болды. Премьер-министр бидай, жасымық, жем, майлы тұқымдарды экспорттауға мүдделіміз деді. Ал Түркия тарапы бұл жоспарды құптап отыр.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Соңғы жылдары біз Түркия тарапымен, түрік капиталының қатысуымен 400 млн АҚШ долларын құрайтын 10-нан астам инвестициялық жобаны іске асырдық. Бұл негізінен ауыл шаруашылығы тауар өнімдерін өндіру, оны өңдеу, сонымен қатар кондитерлік өнімдерді шығару бағытында атқарылған. Қазір біз құны 1 млрд доллардан асатын бес ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатырмыз.Қазақстандық дәрігерлер Түркияда оқытылады
Өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында да ынтымақтастық беки түспек. Атап айтсақ, 40-тан астам қазақстандық дәрігер Түркияда оқытылады. Алға қойылған тағы бір мақсат – арадағы тауар айналымын 15 млрд долларға жеткізу. Ол үшін Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын арттырудан бастап, кедендік рәсімдерді жеңілдетуге дейінгі кешенді шаралар қарастырылып жатыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Түркия Қазақстанның жетекші 5 сауда серіктесінің бірі. Біздің ақпаратқа сәйкес, 2025 жылы екіжақты тауар айналымы 9 пайызға өсті, экспорт көлемі 3,09 млрд долларға жетті. Біз түрік тарапымен бірлесіп, отандық экспортты әртараптандыруға, оны шикізаттан қосылған құны жоғары өнімге ауыстыруға ниеттіміз.Елімізде 5 мыңнан астам түрік компаниясы жұмыс істейді
Екіжақты инвестиция көлемін ұлғайтуға да үлкен көңіл бөлінбек. Бүгінде елімізде 5 мыңнан астам түрік компаниясы жұмыс істейді, олар мемлекет қазынасына 6 млрд долларға жуық қаржы құйған. Ал қазақстандық кәсіпкерлер Түркия бюджетіне 2 млрд доллардан астам инвестиция салған.
Джевдет Йылмаз, Түркия Республикасының вице-президенті:
Түрік инвесторларын Қазақстанға, ал қазақстандық инвесторларды Түркияға белсенді түрде инвестиция салуға шақырамыз. Қазіргі аймақтық және жаһандық өзгерістер біздің бірлігімізді нығайтып, өзара ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. Бүгінгі кездесулеріміз екі ел үшін де табысты әрі нәтижелі болады деп сенемін. Алдағы уақытта жоғары деңгейдегі байланыстар жалғасын табады.Шара тараптар үшін сәтті аяқталды. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге өтіп, 67 тармақтан тұратын іс-қимыл жоспарына және Үкіметаралық экономикалық комиссия хаттамасына қол қойылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы