Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Түркияның вице-президентімен кездесті

Мемлекет басшысы Түркияның вице-президентімен кездесті

Мемлекет басшысы елімізге алғаш рет сапармен келген Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмазмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанада өткен екі елдің үкіметаралық комиссия қорытындысына оң бағасын берді. Әңгімелесу барысында өңдеу өнеркәсібі, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, білім және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Бұдан бөлек, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Таяу Шығыстағы күрделі ахуал сөз болды. Мемлекет басшысы Түркияның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалап, алдағы Анталия дипломатиялық форумына қатысатынын растады. Джевдет Йылмаз жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтады. Сонымен қатар, Президент Режеп Тайип Ердоғанның сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізіп, Түркия көшбасшысы Қазақстанға мемлекеттік сапарына және Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістандағы бейресми саммитіне ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дипломатиялық қатынас орнаған 35 жылға жуық уақыт ішінде біз көптеген биік белесті бағындырдық. Қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Арамызда ешқандай түйткіл жоқ. 14 мамырда Президент Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын өткіземіз. Жаңа келісімдерге қол қоямыз.
Джевдет Йылмаз, Түркия Республикасының вице-президенті:
Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында жаңа ғана Премьер-министр Олжас Бектенов мырзамен бірге Үкіметаралық сауда-экономикалық комиссиясының 14-отырысын өткіздік. Оның қорытындысы бойынша түрлі саладағы нақты шараларды іске асыратын бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Бұл құжат алдағы кезеңге арналған сауда-экономикалық ықпалдастығымыздың жол картасына айналады. 

Бөлісу