Басты Жаңалықтар Балабақшаны ваучерлік қаржыландыру тиімді ме?

Балабақшаны ваучерлік қаржыландыру тиімді ме?

Балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба мерзімі 1 шілдеге дейін ұзартылды. Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің өзгешелігі — ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілуі. Қаржы ұйымға емес, балаға беріледі. Кезекке тұру рәсімін жеңілдетеді. Пилоттық жоба республиканың 20 қаласы мен облыстардың 23 ауданында енгізілген еді.

Балабақшаға кезекке тұру жүйесі өзгереді дегенде петропавлдық Бекзат Наурызбаевтың отбасы қуанған. Бірақ жарты жыл бұрын 3-ке толған кіші қызына әлі күнге дейін орын таба алмай әлек.

Бекзат Наурызбаев, Петропавлқаласының тұрғыны:

Орын жоқ. Индиго деген сайтқа кірдік. Кезекке тұрдық. Бірақ біздің аумақта қазақ балабақшасы жоқ. Бәрі орысша. Бала үйде қазір. Күтеміз орын қашан шығатынын.

 Екі жылдай бұрын сынақ режимінде іске қосылған жаңа жүйе бойынша ата-ана баласын ваучер алуға кезекке тұрғызады. Бұрынғыдай нақты бір балабақшадан орын аңдып отырмайды.

Тәттігүл Абсалямова, Мектепке дейінгі білім саласының сарапшысы:

Қай балабақшаға бала барады, сол балабақша қаржыландырылады. Бұрын конкурстық жүйе болды ғой, соған байланысты комиссия балабақшаның сыйымдылығы 100 балаға арналған болса, оларға 20 орын ғана береді. Ал қазір 100 орын баланы қабылдап, сол қабылданған бала санына қаржы алады.

 Яғни қаражат баланың соңынан ілеседі. Ата-ана перзентін алыстағы мемлекеттік балабақшаға тасымай, жақын жердегі жекеменшік ұйымға да апара алады. Қолға ваучер түссе болғаны.

Лаура Әлеуханова, Астана қаласы Білім басқармасы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы:

Ваучерлік қаржыландыру арқылы әр ата-ана өз баласына қандай мектепке дейінгі ұйымға баруды таңдай алу құқығы берілген. Сондай-ақ, жеке меншік не мемлекеттік балабақшалар болсын, өзара бәсекелестікті қалыптастырды.

 Осылайша балабақшаларды ваучер арқылы қаржыландыру жүйесі кезекті жедел жылжытуға сеп дейді министрлік өкілі. Жеке сектор есебінен болса да.

Айгүл Әлмисақызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің басқарма басшысы:

2024 жылдан бері 873 мың ваучер беріліп, жобаға 5 900-ден астам мектепке дейінгі ұйым қосылды. Нәтижесінде балабақшаға кезек қысқарды.

Баяғыдай ұзынсонар кезек жоқ деген ойды қуаттаған қалалық Білім басқармасының қызметкері статистикасын сайлай келіпті.

Лаура Әлеуханова, Астана қаласы Білім басқармасы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы:

Ваучерлік қаржыландыруға дейін Астанада 50 мыңнан астам бала кезекте тұрса, бүгінде бізде 0-6 жас аралығындағы балалардың саны екі есе қысқарып отыр.Оның ішінде 2-6 жас аралығындағы балалардың саны балабақша қажеттілік етіп отырған 120-дан ғана асады.

 Бірақ кезек көбіне жекеменшік балабақшалар есебінен жылжып отырғанын айттық. Ал ондай ұйымды әр отбасыныңқалтасы көтере бермейді. Ваучер сомасы төлемақыны түгел өтемейтіні түсінікті.

Айгүл Әлмисақызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің басқарма басшысы:

Мемлекеттік тапсырыстың бекітілген көлемі бар. Ол 58 343 тг құрайды. Жекеменшік балабақшаларда қосымша қызметтердің құнын құрылтайшы айқындайды. Осыған байланысты ата-аналар төлемі әр түрлі болуы мүмкін.

Ал баланың бір айлық шығыны ваучер сомасынан кемінде екі есе көп дейді мамандар.

Тәттігүл Абсалямова, Мектепке дейінгі білім саласының сарапшысы:

Астана қаласы бойынша бір балаға 120 мыңнан 250 мыңға дейін шығын. 59 мың тг беріледі бір балаға мемлекеттен. 120 мыңнан 59 мыңды алсақ, 60 мыңдай ата-ана төлеуі керек бала үшін. 59 мыңға біз тек қана педагогтарға төлемақы төлеп жатырмыз. Соған ғана жеткілікті.

 Ваучер сомасы жеткіліксіз екенін біз сұхбаттасқан жекеменшік балабақшаның меңгерушісі де айтты.

Жанат Әуелбаева, «Балдырған» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі:

Ваучер сомасын көтеру керек деп ойлаймын. Ваучер барлық шығынды жабады деп айта алмаймын. Көбіне 20-50 процентті ғана жабады. Қалған сомасы ата-аналар тарапынан төленеді..

 Сондықтан көпшілік баласын мемлекеттік ұйымға бергісі келеді. Ал оған бірден орналаса қою қиын. Ата-аналар алдымен жекеменшікке тіркеліп, кейін мемлекеттік бақшаға ауысуға мүмкіндік беретін Күту парағы функциясы арқылы амалдауға мәжбүр.

Лаура Әлеуханова, Астана қаласы Білім басқармасы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы:

Ваучерлік жүйені енгізген кезде қосымша бір функция ашылды. Ол Күту парағына тұру деген қосымша. Ол уақытша басқа бақшаға бара жүріп, қосымша Күту парағы деген функция арқылы өзі барғысы келетін бақшаға кезекке қоя алу мүмкіндігі. Кезегі келгенде жүйе өзі автоматты түрде хабарлама жібереді.

Бір мемлекеттік бақшадан екіншісіне ауысқанда да сол функцияны пайдалануға болады.

Арайлым Домова, Астана қаласы №70 «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушісі:

Балаға ваучер берілген сәтте ата-ананың таңдауы бойынша балабақша шықпауы мүмкін, бірақ ұзақтағы мемлекеттік балабақшалар шығуы мүмкін. Сол жаққа баланы апаратындай мүмкіндік болып жатса, уақытша баланы беріп, Күту парағымен ауыстыра алады.

Бірақ бұл мүмкіндік жекеменшік балабақшаларға тиімсіз деседі. Себебі ата-аналар жеке ұйымды мемлекеттік бақшаға жол ашатын трамплин есепті көреді. Сөйтіп келімді-кетімді бала көбейген.

Жанат Әуелбаева, «Балдырған» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі:

Мемлекеттік балабақшаға бару үшін мәжбүрлі түрде жекеменшік балабақшаға тіркеліп жатады. Ол жекеменшік балабақшаға тиімді емес. Себебі кезекті алады да, бала көбінесе келмей жатады.Мемлекеттік балабақшаларға ваучерлік жүйені басқаша қылу керек.

Жақында осы ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасын іске асыру мерзімі 1 шілдеге дейін ұзартылғаны хабарланған. Одан кейін не болмақ?

Айгүл Әлмисақызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің басқарма басшысы:

Қазір министрлік жаңа тетікті сынақтан өткізу нәтижелігін ескере отырып, тиісті НҚА-ға өзгерістер мен толықтырулар енгізуде. Осыдан кейін мектепке дейінгі ұйымдар барлық ел бойынша осы ваучерлік қаржыландыру жобасына енгізіле бастайды.

Ал жүйені жетілдіре түсу үшін блокчейн технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Ол ваучерге кезекке тұрғаннан бастап балабақшаға орналасқанға дейінгі бүкіл процесті ашық бақылап отыруға септеседі деді министрлік өкілі. Бірақ қандай технология болса да балабақша тапшылығы мәселесін шешіп бермесі анық. Бекзат Наурызбаевтың үйіндегідей бәрінің бала қарасатын адамы жоқ...


Бөлісу