Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан жалпы есепте топ жарды
Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Додаға Азияның 22 елінен 250 спортшы қатысты. Ерлер мен әйелдер он салмақ дәрежесінде бақ сынап, чемпиондар мен жүлдегерлер анықталды. Қазақстан құрамасы жарысты 13 медальмен қорытындылады: 6 алтын, 2 күміс және 5 қола. Осы нәтижемен ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Шешуші жекпе-жектер жайлы толығырақ тілші Телжан Күдеров баяндайды.
Құрлықтық доданың соңғы күні Қазақстан ерлер құрамасы сапынан бес жігітіміз финалда өнер көрсетті. 60 келі салмақта Әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов шешуші сында үндістандық қарсыласымен бас жүлдені сарапқа салған болатын. Екеуара жекпе-жекте жерлесіміз бірінші раундта қарсыласына есе жіберіп алған. Үзілістен кейін бапкер ақылына қаныққан ол, таразы басын өзіне аударып алды. Ал шешуші кезеңде сауатты қорғана жүріп, қазақ жігіттеріне жеңісті жолды бастап берді.
Өкінішке қарай, үміт артқан 70 келі салмақтағы Төрехан Сабырхан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Финалдағы қарсыласы иорданиялық болатын. Екеуара кездесуде бірінші раундты 4:1 есебімен жерлесіміз өз пайдасына шешкен. Үзілістен кейін таразы басы теңесті. Ал шешуші раундта ширақ қимылдады деп төрешілер жеңісті қарсыласына берді.
75 келі салмақтағы Сабыржан Аққалықов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Шешуші сында өзбекстандықпен жұдырықтасқан ол айқын басымдылыққа қол жеткізді. Кездесу басталысымен шабуыл өтінде болған жерлесіміз өзбекстандыққа еш мүмкіндік бермей, Азия чемпионы атанып отыр. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай 85 келі салмақта финалда бақ сынады. Қарсыласы - өзбекстандық. Бірінші раунд жерлесіміздің еншісіне бұйырды. Үзілістен кейін қос қарсылас алма-кезек соққылар алмасқанымен Нұрбек өз шеберлігін көрсете біліп, айқын басымдылыққа қол жеткізді. Нұрбек Оралбай өзінің спорттық ғұмырнамасында алғаш рет Азия чемпионы атанып отыр.
Соңғы болып шаршы алаңға шыққан команда капитаны Айбек Оралбай қытайлық қарсыласын ұпай саны бойынша жеңді. Бірінші раунд сәл ғана басымдылықпен Айбек жағында болды. Үзілістен кейін өз қарқынын үдеткен жерлесіміз кездесуді өз пайдасына шешті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы