Басты Жаңалықтар Азия чемпионаты: Төрт боксшымыз финалға шықты

Азия чемпионаты: Төрт боксшымыз финалға шықты

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында 13 былғары қолғап шеберіміз жартылай финалға жолдама алған. Бүгінгі өткен алғашқы жекпе-жектердің әзірге төртеуінде жерлестеріміз өз кездесуін сәтті өткізіп, шешуші сынға жолдама алды. Құрлықтық доданың ортасында жүрген Телжан Күдеров толықтырсын.

Әйелдер боксында 70 келі салмақта Бақыт Сейдіш қытай қызымен кездесіп, алғашқы раундтан бастап, жекпе-жекті өз қолына алып, айқын басымдылыққа қол жеткізді. Енді ол 9 сәуір күні финалда өзбек қызына қарсы шаршы алаңға шығады. Бұл Бақыттың ерсектер арасындағы алғашқы құрлықтық додасы. Ол бұған дейін төрт мәрте жастар арасында Азия чемпионы атанған.

70 келі салмақта Валентина Хальзова қытайлық қарсыласына есе жіберіп, үшінші орын алса, ұлтық құрама үздіктерінің бірі Махмұд Сабырхан шаршы алаң иесіне жол беріп, қола жүлдеге иелік етті. Бұл жерде Махмұд  барлық шеберлігін көрсете білгенімен, төрешілер бірінші раундтан бастап басымдылықты қарсыласына берді. Ал 80 келі салмақта Надежда Рябец үндістандық қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Екі раунд қарсыласы алда тұрған, бірақ шешуші кезеңде барын салған жерлесіміз финалға жолдама алды.

65 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Ертуған Зейнуллинов тай боксшысына ұтылып, қола жүлдені місе тұтса, 70 келі салмақтағы Әлем чемпионы Төрехан Сабырхан қытай спортшысын айқын басымдылықпен ұтып, финалға шықты. Алғашқы кезеңде қарсыласын сұлатып салған жерлесіміз, ұзілістен кейін екі мәрте есеп ашып, төрешіә жекпе жекті мерзімінен бұрын тоқтатты. Өзінің ересектер арасындағы алғашқы құрылықтық додасының финалында Иордания боксшысымен бас жүлдені сарапқа салады. Финал 10 сәуірге жоспарланған.

Ертең тағы  алты боксшымыз жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізеді. Ал шешуші сындар 9 және 10 сәуірге белгіленген.

Бөлісу