Елімізде 3 мыңға жуық жер қойнауы учаскесі әлі зерттелмеген
Еліміздегі геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі 433 млрд теңгеге жетті. Қазақ даласы – қойнауы қазба-байлыққа толы құтты мекен. Десе де соңғы жылдары шектеулі ресурстың шегіне жетпесек те, азайып бара жатқаны айтылып жүр. Себебі барлау жұмыстары әлі де баяу. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде әлі зерттелмеген шамамен үш мыңға жуық учаске бар екен. Қаныштан қалған қазынаны қалай игереміз? Ернұр Медет сарапшылардың пікірін тыңдап келді.
Ернұр Медет, тілші:
Расында, дархан даламызда жер байлығы да, кен байлығы да жетіп артылады. Вольфрам, қорғасын, барий мен күміс, хромит, мұнай, мыс пен мырыш. Тізе берсең, тізім жалғаса береді. Тек қазан бетінде қалқып тұрған қазба байлық түгесілуге жақын. Ендігі асылдың бәрі кемі 300 метр тереңдікте жатыр. Сондықтан салаға жаңа инновациялық-технологияны жүйелі енгізу қажет.
Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы:
Методология туралы біздің Кеңес заманынан қалған өзіміздің әдістеріміз бар. Геология ақпараттарымыз бар. Бірақ қазір жаңа жасанды интеллектімен қолданылатын жаңа технология пайда болып жатыр.
Сәтбаев салған соқпақты сара жолға айналдырар сәт келді. Қазба-байлық алдымен ел экономикасының тірегі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде геологиялық қызмет базасында геоталдау зертханасы құрылып жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада тау-кен ісін ілгерілетуге арналған халықаралық форумда айтылды. Жиын аясында 5 меморандумға қол қойылды. Хорватиялық компания алғаш рет Қазақстанның геологиялық секторына инвестиция салады. Жалпы, барлау жұмысына барынша мән берілмек.
Иран Шархан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
Алдағы 3 жылда 100 мың шаршы шақырым шамасында зерттеу қамтамасыз етіледі. Биылдан бастап 240 млн тг геологиялық барлауға жұмыс басталды.
Негізгі пайдалы қазбалар қорына келсек, елде 2,3 мың тонна алтын, 4,3 млрд тонна мұнай, 3,8 трлн текше метр газ, 33,5 млрд тонна көмір және 26,7 млрд тонна темір бар. Соңғы екі жылда 17 кен орны ашылған. Бүгінде пайдалы қазбаларды барлауға шамамен 3 мың лицензия берілген. Сонымен қатар АҚШ, Австралия, Канада сияқты шетелдік тау-кен компанияларынан тартылған инвестиция көлемі 433 млрд теңгеге жеткен. Қарқынды үдетуге әлі де әлеуетіміз жеткілікті.
Ғалым Нұржанов, «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры:
Біздегі көп геологиялық компаниялардың 80%-ның бұрығылау қондырғылары ескі. 20 жылдан асып кеткен деп айтуға болады. Ал олардың бәрін олар жаңадан алайын десе, бізде жеңілдіктер жоқ. Мысалға, ауыл шаруашылық саласында жеңілдіктер бар, субсидия береді. Ал біздің барлау компанияларына жаңа қондырғылар, жаңа технологиялық қондырғылар алу үшін ешқандай жеңілдіктер жоқ. Біз ұсыныс жасап жатырмыз. Болашақта оны қарастырады деген ойдамыз.
Ернұр Медет, тілші:
Елордадағы форумға Орталық Азия елдерімен қатар АҚШ, Қытай, Еуропа одағы, Түркия, және Таяу Шығыс мемлекеттерінен академик-ғалымдар мен инвесторлар келген. Басты мақсат - өзара ынтымақтастықты дамытып, жаңа технологияларды енгізу жүйесінде тәжірибе алмасу. Әсіресе жасанды интеллект сынды заман игілігін дұрыс пайдалану керек, дейді мамандар. Себебі теңіз кешіп жүріп, шөлге шағымдану жарамас. Топырағына қайла тимеген өлкелердің астында мол мұра жатпасына кім кепіл?
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы