Басты Жаңалықтар Қарағандыда жоғалған бала полиция мен еріктілердің арқасында аман-есен табылды

Қарағандыда жоғалған бала полиция мен еріктілердің арқасында аман-есен табылды

Қарағанды облысы Абай қаласында жоғалған 13 жастағы жасөспірім күштік құрылымдар мен еркітілердің жедел әркетінің арқасында аман-есен табылды. Ойын баласы кеше достарымен көрші ауылға барып, қайтар жолда адасып кеткен. Қараңғыда жалғыз қалған жасөспірім анасына телефон арқылы хабарлама жіберіп, шұғыл көмек сұраған.

Жасөспірім 16 сағаттан кейін аман-есен табылды. Қарағанды облысы Абай қаласының 7-сынып оқушысы Бекарыс Рыс кеше кешкілік достарымен көрші ауылға жаяу шығып кеткен. Кейін балалар екіге бөлініп, жасөспірім үйіне жалғыз қайтқан. Қараңғыда адасқан бала түнде далада қонып шыққан.

Айжан Нақышева, баланың анасы:

Футболкамен жатқан, күртесін жоғалтып алған. Далада жаттым дейді. Мама, мен ұйқылы-ояу жаттым дейді. Тоңып қалыпты. Футболкасын жамылып жатқан. Тәртіп бұзушылық жоқ. Өзі тыныш, тәртіпті бала. Бәріне ризамын. Баламның табылғанына қуаныштымын. Бастысы аман-есен.

Жасөсіпірім кешкілік 8-дер шамасында анасына адасып кеткендігін хабарлаған. Жақындары алдымен өздері іздеп, кейін құзырлы органдардан көмек сұрапты. Баланы іздеуге полиция қызметкерлерінен бөлек, еркітілер де шықты. Тікұшақ жұмылдырылды.

Бақытжан Құдияров, облыстық ПД ресми өкілі:

Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан және ТЖД тікұшағы жұмылдырылды. Онымен қоса еріктілерде қатысты. Қазір бала аман-есен. Полиция бөліміне жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

16 сағаттық іздеуден кейін Бекарыс қаладан 15 шақырым жерден табылды. Алдымен анасымен қауышып, ауруханаға жеткізілген. Қатты тоңып, әлсіреген балаға алғашқы көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Қазір жағдайы жақсы.


 



Бөлісу